Ғасыр жасаған әже маңғыстаулықтарды алғыс айту күнімен құттықтады

АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақтау қаласының 101 жастағы тұрғыны Қамаш Жарылғасова жерлестерін алғыс айту күнімен құттықтады.
None
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

1922 жылы өмірге келген Қанаш Жарылғасова бүгінде алты ұл мен үш қызынан 155 немере мен шөбере, үш шөпшек сүйіп отыр. Мерекеге орай құттықтап барған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі және облыстық үкіметтік емес ұйым мүшелеріне алғысын білдірді.

«Бүгін мені құттықтап келгендеріңізге алғыс айтамын. Сіздерге де менің жасымды берсін. Елімізде әрдайым тыныштық пен береке болсын!, - деп батасын берді Қанаш Жарылғасова.

Қанаш Жарылғасова жасы 100-ден асқанына қарамастан әлі де тың. Ұзақ өмірдің сыры ақ жүрек пен адал пейілде, дұрыс жүріп, дұрыс ойлауда, табиғи таза өнімдерді көп тұтынуда екенін айтады. Жары Ыстыбай Жарылғасов Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Ал өзі тылда еңбек еткен.

«Бұл өмірде жақсылық та, жамандық та өзіңе, болмаса ұрпақтарыңа қайтады дейтін әкеміз. Бүгінгі жапырағы жайылған әулет болуымыз ата-анамыздың басқаларға жасаған жақсылығынан деп ойлаймын», - дейді Қамаш Жарылғасованың қызы Маңдайлы Жарылғас.


Соңғы жаңалықтар