Гаухар Танашева неге Мәжілістен кетті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов партияласы Гаухар Танашеваның депутаты өкілеттігі неге Асылбек Нұралинге берілгенін түсіндірді.

ТАНАШЕВА Гаухар Шаймерденовна
Фото: mazhilis.parlam.kz

- 23 желтоқсанда партиялық бюро отырысы өткен болатын. Сол кезде ротация мәселесі қаралды. Депутат Г.Танашеваның мандатын қайтарып алдық. Оның орнына партиялық тізім бойынша Асылбек Нұралин келді. Бұл қандай да бір жеке мәселелермен байланысты емес. Мемлекет басшысы 2025 жылды жұмысшы мамандықтардың жылы ретінде жариялады. Асылбек Жамашұлы – металлургтердің ірі кәсіподағының басшысы, - деді ол журналистің сұрағына берген жауабында. 

Сондай-ақ, ол ротацияға неге дәл Гаухар Танашеваның іліккенін айтты.

- Партия сондай шешім қабылдады. Ол партияның орталық аппаратында жұмысын жалғастырып, әлеуметтік жобалармен айналысады, - деді Магеррам Магеррамов.

Айтуынша, бұл ротация Гаухар Танашеваның келісімімен іске асқан.

- Әрине, оның келісімі бойынша жасалды. Бұл ротация қалыпты, заңды процесс. Г.Танашева өзінің Мәжілістегі жұмысын атқарып шықты, әлеуметтік мәселелерді көтеріп жүрді. Ротацияның себебі – жаңа міндеттер, - деді депутат. 

Еске салсақ, кеше Гаухар Танашева Мәжіліс депутаты өкілеттігінен айырылғаны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар