Гавай аралдарында өрт өршіп жатыр, кем дегенде 36 адам мерт болды
ГОНОЛУЛУ. ҚазАқпарат – Гавай аралдарының Мауи округіндегі алапат өрттен кем дегенде 36 адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC News-ке сілтеме жасап.
Гавайи жанынан өтіп бара жатқан Дора дауылы жағдайды ушықтырып, екпінді желден жалын өрше түсуде.
Тілсіз жаудан жүздеген ғимарат жанып, 9 мың тұрғыны бар Лазайна көне қаласының басым бөлігі зақымдалды. Мыңдаған адам Мауи аралындағы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Онда төтенше жағдай жарияланды. Ауқымды іздеу-құтқару операциясы жүргізіліп жатыр, тікұшақтар тартылды.
Бұған дейін хабарланғандай, аралдың жергілікті ауруханасы күйік шалған, ыстан уланған науқастармен толып қалған. Мауи аралындағы өрттің басым бөлігі әлі ауыздықталмаған. Дауылдан желдің жылдамдығы 97 км/сағаттан асқан.
«Өрт сөндірушілер жалынды бақылауға алуға тырысып жатыр, ал біздің жедел қызмет іздеу-құтқару жұмыстары режимінде жұмыс істеуде», - деді сенатор Брайан Шац.
Сәрсенбі күні таңертең кейбір адамдар тез таралып жатқан өрттен аман қалу үшін мұхитқа секіруге мәжбүр болғаны хабарланды. АҚШ жағалау күзеті мәлімдегендей, судан кем дегенде 10 адам құтқарылған. Мауи округінің мэрі кіші Ричард Биссен баспасөз мәслихатында көптеген үйлер мен бизнес-құрылымдар толықтай жойылғанын мәлімдеді. Мыңдаған адам өрттен жарықсыз және ұялы байланыссыз отыр. АҚШ президенті Джо Байден өз мәлімдемесінде ел үкіметі өртпен күресу үшін Гавайға көмек жібергенін мәлім етті.
Лахайна — Мауидің батыс бөлігіндегі тарихи қала, ол АҚШ Тарихи орындары ұлттық реестріне енген.