Газ құю бекеттерін тексеруге кедергі көп - ТЖК

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандағы газ құю стансаларының жұмысын реттеуге қолданыстағы заңнама қауқарсыз. Мұндай пікірді Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Газ құю бекеттерін тексеруге кедергі көп - ТЖК

Владимир Беккер Қызылорда қаласындағы газ құю стансасының аумағында болған тосын жайт туралы мәлімет берді. Айтуынша, қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы төтенше оқиғаға түрткі болған.

«Газ құю стансасында жанармайын толтырып жатқан автобустан газ ағып, ол тұтанып кеткен. Бір адам газ кезегінде тұрмыстық баллонды толтырып алу үшін тұрғаны анықталды. Ондай стансаларда тұрмыстық баллонды толтыруға тыйым салынған. Ол тыйымды тұрғын да, станса иесі де ескермеген», - дейді маман.

Владимир Беккер газ құю стансаларына деген сұраныс артқанымен, олардың жұмысын реттеу тетіктері жетілдірілмей жатқанын да жеткізді.

«Жаңадан пайда болған стансаны 3 жылдан кейін ғана тексере аламыз. Оған дейін кемшілігі көзге ұрып тұрса да, бас сұғуға хақымыз жоқ. Ал 3 жыл тола бергенде иесі ауысып кетсе, тексеру тағы 3 жылға шегеріледі. Міне, нысан иелері үшін тексеруден бой тасалаудың осындай жолдары бар. Біз Бас прокуратураға ұсыныс жасадық көлікке газ құю стансаларын жоспардан тыс тексеруге рұқсат берілуі керек. Қазір жоспардағыларын ғана тексерумен шектеліп келеміз»,- дейді комитет төрағасы.