Газ саласындағы аудит: 24,1 млрд теңгеге заң бұзушылық тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Жоғары аудиторлық палата Қазақстанның газ саласына жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысын жариялады. Тексеру нәтижесінде 24,1 млрд теңгеге қаржылық бұзушылық және 18,2 млрд теңгеге бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдаланудағы тиімсіздік анықталды. 

Газ саласындағы аудит: 24,1 млрд теңгеге заң бұзушылық тіркелді
Фото: Kazinform\ЖИ

Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Жоғары аудиторлық палатасының отырысында газ саласын дамытуға бағытталған ұлттық ресурстарды пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы қаралды.

Газ саласындағы аудит: 24,1 млрд теңгеге заң бұзушылық тіркелді
Фото: Жоғары аудиторлық палата

Тексеру барысында ішкі нарықты тауарлық газбен қамтамасыз ету, ресурс базасын дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, өңірлерді газдандыру, газ тасымалдау инфрақұрылымының жай-күйі және басқа да негізгі бағыттар қамтылды.

Аудиторлар Қазақстанның газ қоры айтарлықтай мол екенін атап өтті. Елдегі газдың жалпы қоры 3,8 трлн текше метрге бағаланады. Ал 2022–2025 жылдары жалпы газ өндіру көлемі 239,5 млрд текше метрді құраған. Алайда ішкі нарыққа арналған тауарлық газ өндірісінің өсімі баяу және халық пен экономиканың артып келе жатқан сұранысын толық қамтамасыз ете алмай отыр.

Газ саласындағы аудит: 24,1 млрд теңгеге заң бұзушылық тіркелді
Фото: Жоғары аудиторлық палата

Сонымен қатар ішкі нарықтың газ жеткізушілердің шектеулі тобына тәуелділігі сақталып отыр. Жеткізілетін газдың сапасы да әрдайым белгіленген талаптарға сай емес. Атап айтқанда, сапасы төмен тауарлық газ компрессорлық жабдықтардың тозуын жеделдетеді. Сондай-ақ Ұлттық операторды газды шетелге экспорттау кезінде жеңілдік жасауға мәжбүрлейді.

Аудиторлардың пікірінше, саладағы стратегиялық жоспарлау жүйесі ішкі тұтынудың өсуін, ресурс базасын дамытуды және жаңа газ өңдеу қуаттарын іске қосуды өзара үйлестіре алмай отыр. Бағдарламалық құжаттарда геологиялық барлау жұмыстарын ынталандыру, жерасты газ қоймаларын дамыту, саланы цифрлық тұрғыдан жаңғырту және тәуекелдерді басқару бойынша нақты көрсеткіштер мен шаралар жеткіліксіз. Сондай-ақ Ұлттық оператордың даму стратегиясында саланың жүйелі мәселелерін шешуге бағытталған мақсаттар көзделмеген. Олардың қатарында солтүстік өңірлерді газдандыруды қаржыландырудың жеткіліксіздігі, ресурс базасын басқарудың тиімді тетіктерінің болмауы және ақпараттық технологиялар инфрақұрылымының дайын еместігі бар.

— Тексеру барысында Ұлттық оператор кәсіпорындарының 20 мың шақырымнан астам магистральдық газ құбырын және шамамен 77 мың шақырым газ тарату желісін пайдаланатыны анықталды. Алайда инфрақұрылымның едәуір бөлігі бұрын салынған және нормативтік пайдалану мерзімінен асып кеткен. Оларды жаңғырту мен жөндеу жұмыстары қажетті қарқынмен жүргізілмейді, — деп хабарлады палатадан.

Сонымен қатар аудиторлар өңірлер арасындағы газбен қамту деңгейіндегі теңгерімсіздікті жою және салынған нысандарды пайдаланушы ұйымдардың қарамағына уақытылы беру мәселесіне бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша халықты газбен қамту деңгейі 64,2%-ға жеткен. Табиғи газға 13,1 млн адам қол жеткізген, ал газ тартылған елді мекендер саны 2 240-ты құраған.

Газ саласындағы аудит: 24,1 млрд теңгеге заң бұзушылық тіркелді
Фото: Жоғары аудиторлық палата

Жалпы аудит қорытындысы бойынша:

  • 24,1 млрд теңгеге қаржылық заң бұзушылықтар;
  • 18,2 млрд теңгеге бюджет қаражатын жоспарлау мен пайдалану кезінде тиімсіздік анықталған.

Тексеру барысында бюджетке 59,4 млн теңге қайтарылды. 20,2 млрд теңге бухгалтерлік есепте қалпына келтірілді.

Жоғары аудиторлық палата аудит нысандарына анықталған заңбұзушылықтар мен кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар жолдады. Олардың орындалуы толық аяқталғанға дейін бақылауда болады. Сонымен қатар газ саласын басқару жүйесін жетілдіруге, ресурс базасын нығайтуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған ұсынымдар әзірленді.

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата Қорғаныс министрлігінің бюджетін тексеруді бастағанын жаздық.