Газ саласына әділ тарифтік саясатты енгізуді қарастыру керек – Үкімет басшысы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Энергия кәсіпорындарының бірінші басшыларының жауапкершілігін көтереміз. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды. Энергетика және Ұлттық экономика министрліктері Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, Тауар газын тиімді және ұтымды тұтыну жоспарын әзірлеуі қажет. Тұтынушылардың барлық санаттары бойынша әділ тарифтік саясатты енгізуді қарастыру керек. Екіншіден, Үкімет былтыр Парламент Мәжілісіне жылу және электр энергетикасын реттеуге бағытталған 3 заң жобасын енгізді. Біз энергия қадағалау қызметін күшейтуге кірісіп кеттік, сондай-ақ энергия кәсіпорындарының бірінші басшыларының жауапкершілігін арттырамыз. Энергетика министрлігі депутаттармен осы құжаттардың сапалы пысықталуын қамтамасыз етуі қажет», - деді Ә. Смайылов Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде.

Оның айтуынша, коммуналдық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін кез келген проблеманың алдын алатын шаралар қабылдау керек.

«Индустрия, Ұлттық экономика, Энергетика, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктері бірлесіп, Елдің орнықты инфрақұрылымдық каркасының ұлттық жоспарын әзірлеуі тиіс. Онда инфрақұрылымдық дамудың барлық негізгі мәселелерін ашып көрсетіп, 2029-ші жылға дейінгі негізгі жобаларды белгілеу қажет», - деді Премьер-Министр.

Бұдан бөлек ол су ресурстарын тиімді басқару, су қорын үнемдеу, оны ауыл шаруашылығында ұтымды пайдалану бойынша түбегейлі жаңаша көзқарас қажет екенін айтты. Экология және табиғи ресурстар министрлігі Су кодексінің жаңа редакциясын әзірлеп жатыр. Осы орайда жұмысты жеделдету тапсырылды.


Соңғы жаңалықтар