Газа секторына шабуылдан зардап шеккен палестиналықтар Халықаралық сотқа шағым түсірді
Израильдің Газаға жасаған шабуылдарынан зардап шеккен палестиналықтардың адвокаттары дүйсенбіде Голландияның Гаага қаласындағы Халықаралық қылмыстық сотына (ХҚС) шағым түсірді.
Каzinform агенттігі бұл туралы Анадолы ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жәбірленушілердің ХҚС-тағы өкілі Жиль Деверс және онымен бірге еріп келген төрт адамнан тұратын делегация сот прокурорына шағым түсірді.
Белгілі болғандай, геноцид және басқа қылмыстар бойынша айыптаулар Халықаралық қылмыстық сотқа жіберілгені, атап айтқанда, бастаманы Франциядағы ең тәжірибелі заңгерлердің бірі Жиль Деверс бастаған халықаралық заңгерлер тобы қолға алғаны хабарланды.
Деверс баспасөзге сөйлеген сөзінде Израильдің Газа секторындағы әрекеттері - геноцид қылмысының факторлары екенін айтты.
«ХҚС қазіргі кезде тиісті тергеу жұмыстарының бөлігі ретінде әскери қылмыстарды тергеп жатыр. Бұған геноцид қылмысы да қосылуы керек», - деді ол.
Деверс сондай-ақ бір миллионнан астам адамды көшіруге мәжбүрлеу және олардың су, энергия, азық-түлік және дәрі-дәрмекке деген мүмкіндігін шектеу Израильдің Газадағы халықтың толық жойылуын қалайтынын көрсететінін қосып өтті.
Сондай-ақ баспасөзге сөйлеген Бельгияның бұрынғы сенаторы Пьер Галанд Бельгия Сыртқы істер министрлігін Палестина мемлекетін мүмкіндігінше тезірек тануға шақырды.
«Біз мұнда адам құқықтарын қорғау және әділдік орнату үшін келдік», - деді ол.
Брюссельде орналасқан Бостандық пен абырой үшін альянстың Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бөлімінің басшысы Әбделмаджид Мрари ХҚС Газа секторында жасалған қылмыстарға қатысты сот билігіне ие екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Израиль өзінің саяси және әскери билігі көрсеткендей, Газа секторын палестиналықтардан этникалық тазартуды қалайды.
Палестина билігінің соңғы мәліметінше, Израильдің Газа секторына жасаған шабуылының 38-ші күнінде кемінде 11 180 палестиналық азамат қаза тапты, оның ішінде 7 700-ден астамы - әйелдер мен балалар, тағы 28 200-ден астам адам жарақат алды.
Израильдің өткен айдан бері қоршаудағы анклавқа әуеден және құрлықтан талай шабуыл жасау салдарынан мыңдаған ғимарат, соның ішінде ауруханалар, мешіттер мен шіркеулер зақымданған немесе қираған.
Осы арада, ресми мәліметке сәйкес, Израильде қаза тапқандар саны 1200 адамды құрады.