Газа секторынан эвакуацияланған Қазақстан азаматтары қайда орналастырылды
Газа секторынан эвакуацияланған отандастарымыз Қазақстанға жеткізілгеннен кейін қайда орналастырылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Kazinform.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында еліміздің Сыртқы істер министрлігі төтенше жағдай туындаған жағдайда шет елде жүрген отандастарымызды жедел ақпараттандыру, қажетті көмек көрсету және эвакуациялау бойынша жедел әрекет жасап, белсенді шаралар қабылдайтындығын айтады.
«Бүгінде Палестинадан Мысырға «Рафах» бақылау-өткізу бекеті арқылы Қазақстан Республикасының 99 азаматы мен олардың отбасы мүшелері, оның ішінде 44 бала эвакуацияланды. Эвакуацияланған азаматтар Қазақстанға жеткізілгеннен кейін Алматы қаласындағы «Пана» арнаулы бейімдеу орталығына орналастырылды. Олармен мұнан арғы жұмысты жергілікті атқарушы органдар жүргізеді», – деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ҚР Сыртқы істер министрлігі Газа секторындағы қазақстандықтарды эвакуациялап, 17 қарашада Алматыға жеткізгенін жазған едік.
Осыдан кейін Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров Палестинаның Газа секторынан эвакуацияланған отандастарымыздың бала-шағасына қандай мәртебе берілетінін айтқан болатын.