Газа секторында қаза тапқан палестиналықтардың саны 14 мыңнан асып кетті
Израиль мен Палестинаның ХАМАС ұйымы арасында қақтығыс басталғаннан бері Газа секторында қаза тапқан палестиналықтардың саны 14 532 адамға жетті. Бұл туралы сәрсенбіде ХАМАС бақылауындағы БАҚ үкіметтік басқармасынан мәлімдеді. Kazinform агенттігі бұл туралы Синьхуа ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Басқарма директоры Исмаил Тавабтаның хабарлауынша, қаза болғандар арасында 6 мың бала және 4 мың әйел бар.
Ол сондай-ақ 35 мыңнан астам адам жарақат алғанын қосып өтті.
Зардап шеккендер арасында 205 медицина қызметкері, азаматтық қорғаныс жасағынан 22 адам және 64 журналист бар.
«Із-түзсіз жоғалғандар тізімінде 7 мың адам бар, соның 4,7 мыңнан астамы — балалар мен әйелдер» дейді И.Тавабта.
Израиль мен ХАМАС сәрсенбіде соғысты төрт күнге тоқтатуға келіскеннен кейін И.Тавабта Газаға, әсіресе ондағы ауруханалар мен гуманитарлық қызмет көрсететін мекемелерге дереу отын жеткізуге шақырды.
Келісімге сәйкес, ХАМАС содырлары израильдік 50 тұтқынды — тек әйелдер мен балаларды, ал Израиль түрмеден 150 палестиналықты — әйелдер мен кәмелетке толмағандарды босатады, деп хабарлады сәрсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесінен.
Израиль сондай-ақ Газаға гуманитарлық көмек жеткізуге рұқсат береді.