Газа секторында қаза тапқан палестиналықтардың саны 40,5 мыңнан асты
АСТАНА. KAZINFORM – Израильдің Палестина эксклавына жаппай шабуылдары 327 күн бойы жалғасуда, деп жазады Анадолы.
2023 жылдың 7 қазанынан бері Израиль армиясының блокададағы Газа секторына жасаған шабуылдарынан құрбан болғандар саны 40 534 адамға жетті.
Израильдің эксклавтың әртүрлі аймақтарына құрлықтан, теңізден және әуеден жаппай шабуылдары 327-ші күннен бері тоқтаған жоқ.
Газа секторындағы Палестина денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы 24 сағатта Израиль әскері төрт «қырғын» жасап, нәтижесінде 58 палестиналық көз жұмған, 131-і жараланған.
2023 жылдың 7 қазанынан бері Израильдің Палестина эксклавына жасаған шабуылында жараланғандар саны 93 778-ге жетті.
Қираған ғимараттардың астында мыңдаған адамдардың денесі қалған болуы мүмкін. Алайда азаматтық қорғаныс топтары Израиль армиясының шектеулеріне байланысты үйінділерге жете алмай отыр.
Айта кетейік, 26 тамыз күні Израиль мен ХАМАС арасында өткен келіссөздер сәтсіз аяқталған болатын.