Газа секторында көз жұмған палестиналық бүлдіршіннің өліміне қатысты тергеу басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Израильдің әскерилері Газа секторындағы соғыс кезінде қаза болған бейбіт тұрғындар мен гуманитарлық миссия қызметкерлерінің өліміне қатысты резонанс тудырған бірнеше оқиға бойынша тергеу жүргізу қажет деген шешімге келді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Сәрсенбі күні Израильдің әскери прокуратурасы 2024 жылдың қаңтар айында Газа секторында қаза болған Хинд Раджаб есімді палестиналық бүлдіршін қыз бен оның отбасы және екі жедел жәрдем қызметкерінің өліміне қатысты қылмыстық тергеуді бастауға тапсырма берді.
Сол күні Хинд Газа қаласында жақын туыстарымен бірге автокөлікте келе жатқанда Израиль әскерилері оларға оқ жаудырған. Көліктегілердің көбі қаза болғанда, кішкентай қыз басында тірі қалып, бірнеше сағат бойы Палестина Қызыл Жарты Ай қоғамының диспечерлерімен телефон арқылы сөйлесіп, көмек сұрап жатқан.
Оларға жіберілген жедел жәрдем көлігі де оқтың астында қалған. Тек 12 күн өткеннен кейін ғана сол жерден Хинд пен оның отбасының және екі медицина қызметкерінің мүрдесі табылды.
Қыздың құтқару қызметімен сөйлескен телефон жазбасы жария болған бойда бұл оқиға халықаралық деңгейде кең резонанс тудырды.
Қылмыстық істі бастауға Израиль қорғаныс әскерінің (ЦАХАЛ) бас штабына қарасты бөлімшенің жүргізген тексеруі себеп болған.
Оның қорытындысы бойынша әскерилер сол автокөлікке оқ атқанын алғаш рет мойындады, айтуынша көліктегілер алдын ала жария етілген эвакуация жолымен жүрмей, бұлар тұрған қарсы бағытқа қарай бет алған. Ал бұған дейін ЦАХАЛ ұйымы оқиға кезінде ол аймақта Израиль әскерилері болған жоқ деп мәлімдеген еді.
ЦАХАЛ-дың мәліметіне сүйенсек, әскерилер қызды құтқаруға келе жатқан Палестина Қызыл Жарты Ай қоғамының машинасына да оқ атқан. Израиль әскерилері жедел жәрдем көлігінің қозғалысын ұйымдастыруда заң бұзушылықтар болды деп санайтындықтан істі әскери полицияға тапсырғанын хабарлады.
Сонымен бір мезгілде Израильдің әскери прокуратурасы тағы бір оқиға бойынша қылмыстық тергеуді бастауға өкім шығарды. Онда 2025 жылы наурыз айында Рифах елді мекенінде шұғыл қызметтің 15 қызметкерінің қаза болғаны айтылады.
Ол кезде Израиль әскерилері жедел жәрдем мен құтқарушылардың машиналарын және БҰҰ-ның автокөлігін атқылаған болатын. Тексерушілер әскерилер оқ атуы кезінде қылмыстық құқықбұзушылыққа барған болуы мүмкін деп күдіктенеді.
Бұл ретте резонанс тудырған тағы да басқа үш жағдай бойынша қылмыстық тергеу жүргізілмейтін болды. Олардың ішінде 2024 жылы сәуірде израиль соққысынан World Central Kitchen гуманитарлық ұйымының 7 қызметкерінің, 2024 жылы ақпан айы мен 2023 жылы қарашада «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының 4 қызметкерінің қаза болуына қатысты істер бар.
Мәселен World Central Kitchen оқиғасында Израильдің әскерилері автокөлікте болған адамдарды ХАМАС жауынгерлерімен шатастырған. Бұл қызметтік тексеру кезінде анықталды.
Алайда Израильдің әскери прокуратурасы ол кезде командирлердің қолында тиісті ақпарат болмаған деген қорытындыға келді. Сондықтан бұл қылмыстық іс қозғауға жеткіліксіз. Бұл оқиғадан кейін бірнеше офицер қызметінен босатылды немесе тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
ЦАХАЛ-дың мәліметі бойынша армия бас штабының бөлімшесі Газа секторындағы соғыс кезінде болған оқиғалар бойынша бүгінге дейін 150-ге жуық тексеруді аяқтап, әрі қарай шешім қабылдау үшін материалдары әскери прокуратураға жіберген.
Израильдің құқық қорғау ұйымдары әскери қызметкерлердің палестиндіктерге қатысты жасаған әрекеттері бойынша жүргізілетін қылмыстық тергеулердің айып тағумен аяқталуы сирек кездесетін жағдай екенін айтып отыр.
ЦАХАЛ ұйымы азаматтардың, медицина және гуманитарлық миссия қызметкерлерінің қазасына қатысты кейбір жағдайлар бойынша қосымша тексеру қажет етілсе тергеу жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Сирия Израильдің Идлибтегі әскери әуежайға жасаған шабуылын айыптады.