Газа секторындағы 500 мың адам БҰҰ көмегінен қағылады

АСТАНА. KAZINFORM — Қыстың жақындауына байланысты халықаралық қаржының жетіспеуі Газа секторындағы тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету мәселесін күрделендіріп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Газа секторындағы 500 мың адам БҰҰ көмегінен қағылады
Фото: WFP / JaberBadwan

БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы 19 қазанда Газа секторында ай сайын тамақпен және ақшалай қаражатпен көмек алатын тұрғындар санын 1,6 миллионнан 1,1 миллионға дейін азайтатынын хабарлады.

Ұйымның ресми мәлімдемесіне сәйкес, қаржы тапшылығына байланысты көмек алушылар саны қысқарып, 500 мыңға жуық палестиналық қолдаусыз қалды.

Бұдан бөлек БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы берілетін азық-түлік көмегін екі есе азайтты. Бұдан былай әр отбасы екі жиынтықтың орнына біреуін ғана алып, бұрынғыдан аз мөлшерде бидай ұнымен қамтамасыз етіледі.

Күнделікті таратылатын ыстық тамақ саны 250 мыңнан 150 мыңға дейін қысқарды. Израиль әскерінің бақылау сызығына жақын, қатынау қиын аудандарда тамақ күнара беріледі. Сонымен қатар 75 мың отбасына төленетін ақшалай көмектің мөлшері азайтылды.

БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының бағалауынша, Газа секторының 1,4 миллионға жуық тұрғыны, яғни халықтың 67 пайызы азық-түлік тапшылығының ауыр зардабын тартып отыр. Олардың 200 мыңға жуығы аштықтан болатын өлімнің алдын алу үшін шұғыл азық-түлік көмегіне мұқтаж.

Газа секторындағы балалардың тек 20 пайызы ғана құнарлы әрі алуан түрлі тағаммен жеткілікті қамтамасыз етілген. Ал жұмыссыздық деңгейі 80 пайыздан асып отыр. Базарларда азық-түлік сатылғанымен, көптеген отбасының жаңа піскен көкөністер мен жемістерді, сондай-ақ ақуызға бай өнімдерді сатып алуға мүмкіндігі жоқ.

БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы басшысының міндетін атқарушы Карл Скау Газа секторына барған сапарында атысты тоқтату туралы келісімге қол қойылғанына бір жыл өтсе де, жергілікті халықтың тұрмыс жағдайы әлі де ауыр екенін мәлімдеді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

— Атысты тоқтату туралы келісімге қол қойылғанына бір жыл өтсе де, Газа тұрғындарының жағдайы әлі де ауыр. Халық баспанаға, негізгі қызметтерге және қауіпсіздікке зәру, — деді ол.

Көмек көлемі соғыс басталғалы бергі төртінші қыстың қарсаңында қысқарып отыр.

Ұйымның мәліметінше, 2025 жылғы қазанда атысты тоқтату режимі орнағаннан кейін гуманитарлық көмектің қолжетімділігі артып, азық-түлік дағдарысы біршама бәсеңдеген.

2025 жылдың соңында Газа секторының 1,6 миллион тұрғыны немесе халықтың 77 пайызы азық-түлік тапшылығына тап болды. Дегенмен жағдайдың жақсаруы мардымсыз, ал қаржы көлемі одан әрі қысқарса, бұл өзгерістер қайтадан кері кетуі мүмкін.

БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы Газа секторының нанға деген сұранысының үштен бірін өтейтін наубайханаларды қолдауды, 300 мың әйел мен балаға арнайы тағам беруді және 200 мың оқушыны мектепте жеңіл тамақпен қамтамасыз етуді жалғастырып отыр.

Қаржы тапшылығы Иордан өзенінің батыс жағалауына да әсер етті. Қыркүйек айында мұнда көмек алушылар саны екі есе қысқарып, 400 мыңнан 200 мың адамға дейін азайды.

2026 жылы Палестина аумақтарындағы гуманитарлық операцияларға бөлінген қаржы көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда екі еседен астам қысқарды.

Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағалауындағы негізгі гуманитарлық бағдарламаларды жалғастыру үшін ұйымға 2026 жылғы қазаннан 2027 жылғы наурызға дейінгі алты айға 450 млн доллар қажет.

Газа секторының үкіметтік медиа кеңсесі БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының бұл шешімін апатты жағдай деп бағалап, азық-түлік көмегінің қысқаруы өңірде аштықтың таралуын жеделдетуі мүмкін екенін ескертті.

АҚШ-тың араағайындығымен 2025 жылғы қазанда жасалған атысты тоқтату туралы келісімнің орындалуы баяу жүріп жатыр. Израиль әскері Газа секторы аумағының 60 пайыздан астамын бақылап, әуе шабуылдарын күн сайын жалғастырып жүр.

Осыған байланысты палестиналықтардың едәуір бөлігі уақытша баспаналарды паналап, азық-түлік пен медициналық көмекке, сондай-ақ негізгі коммуналдық қызметтерге мұқтаж.

Бұған дейін Газаны қалпына келтіру және қайта құруға $71,5 млрд қажет екенін хабарлаған едік.