18:40, 05 Қаңтар 2009 | GMT +5
Газа секторы аймағында 16 қазақстандық қалып отыр, ал қақтығыстан зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ
АСТАНА. Қаңтардың 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазіргі ақпараттар бойынша, израиль-палестин қақтығысы орын алып отырған Газа секторы аймағында 16 қазақстандық қалып отыр.
Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан елшілігі Газа секторындағы ел азаматтарымен байланыс орнатқан болатын. Қақтығыстан қаза болғандар немесе жапа шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ», деді І. Омаров.
Баспасөз хатшысының айтуынша, бұдан бұрын Қазақстан Елшілігі израильдық тараппен ел азаматтарын эвакуациялау бағытын дайындап, осы жолды қазақстандық екі азаматша бес баласымен пайдаланған болатын. Бұл эвакуация бағыты палестин-израиль шекарасындағы «Эрец» бақылау-өткізу бекетінен басталып, қазақстандық дипломаттардың бастап жүруімен иордан-израиль шекарасындағы «Аленби» бекетінен өткізіліп, одан әрі Ресей тарапының келіссөздеріне сәйкес, Иордан астанасынан Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің ұшағымен Мәскеу қаласына жеткізілген. Бұнда оларды Қазақстан Елшілігінің консульдық бөлім қызметкерлері күтіп алған болатын.
«Тоқтала кететін жайт, алғашқы кездері біздің отандастарымыздың біршама бөлігін эвакуациялау жоспарланған болатын.Бірақ, олар кейінгі күндері Газа секторын тастап шығудан бас тартты. Дегенмен де, біздің дипломаттар қақтығыс аймағындағы азаматтар тарапынан болатын кез-келген өтінішке орай мүмкін болатын әрекеттердің барлығын атқаруға дайын», деді І. Омаров.