Газада ана өлімі үш есеге артты

АСТАНА. KAZINFORM - Әлем Аналар күнін атап өтіп жатқанда, Газа секторындағы мыңдаған әйел мерекені емес, аман қалудың қамын күйттеп жүр, деп хабарлайды Aljazeera.

Газада ана өлімі үш есеге артты
Фото: Aljazeera

Екі жарым жылға созылған қақтығыс кезінде өңірде 22 мыңнан астам әйел қаза тапқан.

Соғыс басталғалы босану кезіндегі ана өлімі үш есеге көбейген.

Дәрігерлік көмектің жоқтығынан жүздеген әйел босану кезінде көз жұмған.

Күйеулерінен айырылған мыңдаған ана балаларын жалғыз тәрбиелеуге мәжбүр болып отыр.

Қираған үйлер, азық-түлік тапшылығы, ауыз судың жетіспеуі мен жарықтың өшуі халықтың тұрмысын адам төзгісіз жағдайға жеткізген.

Өңірдегі көптеген аурухана мен перзентхана істен шыққан.

Көптеген әйел балаларынан айырылса, дертке шалдыққандары қажетті ем ала алмай отыр.

Мамандандырылған клиникалардың көбі қирағандықтан, ауыр операцияны қажет ететін науқастарды эвакуациялау да мүмкін болмай қалған.

Бұл — жай ғана статистика емес. Бұл — соғыс салдарынан тағдыры тас-талқан болған аналардың әлемге көрінбей жатқан қасіреті.

Осыған дейін Газада бітім жасалғалы алты ай өтсе де, қаза тапқандарды жерлеу мүмкін болмай отырғаны туралы жаздық.