Газада қаза тапқан палестиналықтардың саны 34 000-ға жақындады

АСТАНА. KAZINFORM – Израильдің Газа секторында жалғасып жатқан шабуылдарынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 33 899-ға жетті. Бұл туралы ХАМАС бақылауындағы Денсаулық сақтау министрлігі таратқан баспасөз хабарламасында айтылды, деп жазады Синьхуа.

Газада қаза тапқан палестиналықтардың саны 34 000-ға жақындады
Фото: russian.news.cn

Соңғы 24 сағатта 56 палестиналық қаза тауып, тағы 89 адам жараланған. Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыс басталғаннан бері қаза тапқандардың жалпы саны 33 899-ға, жараланғандар саны 76 664-ке жетті.

Мәлімдемеде зардап шеккендердің кейбірінің ауыр бомбалау және құтқару топтарының болмауы салдарынан қирандылардың астында қалғаны атап көрсетілді.

Израиль армиясының баспасөз хатшысы Авихай Адраи Х әлеуметтік желісі арқылы соғыс ұшақтарының соңғы 24 сағатта Газадағы 40-тан астам «террорлық» нысанаға соққы бергенін айтты.

2023 жылдың 7 қазанында Израильдің оңтүстік шекарасына 1200-ге жуық адамның өмірін қиып, 200-ден астам адамды кепілге алған шабуылға жауап ретінде Израиль Газа секторындағы ХАМАС-қа қарсы кең ауқымды шабуылын бастады.