Газада құрбан болған палестиналықтар саны 36 мыңға жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Израильдің Газа секторында 2023 жылдың 7 қазанынан бері жалғасып келе жатқан шабуылы салдарынан қаза тапқан палестиналықтардың саны 36 439-ға жетіп, тағы 82 627 адам жараланды.
– Бұл туралы Газа секторындағы Палестина денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесінде айтылған, - деп жазады Анадолы.
Ведомствоның мәліметінше, кейінгі тәулікте эксклавтың тағы 60 тұрғыны қаза тауып, 220-сы жараланған.
Палестина Денсаулық сақтау министрлігі соңғы 24 сағат ішінде Израиль әскерлерінің Газа секторының әртүрлі бөліктерінде 4 «қырғын» жасағанын хабарлады.
Баяндамада қаза тапқандардың денелері әлі қираған ғимараттардың астында және жол жиектерінде жатқаны атап өтілді. Жедел жәрдем мен азаматтық қорғаныс топтары Израиль күштерінің кедергілерінен оларға жете алмай отыр.