Газадағы атысты тоқтату келісімінің екінші кезеңі басталды – ХАМАС
АСТАНА. KAZINFORM – Ұйым өкілінің айтуынша, сейсенбі күні халықаралық делдалдар арқылы келесі кезең бойынша «байланыс пен келіссөздер» басталып кетті.

ХАМАС-тың мәлімдеуінше, Газа секторында кепілге алынғандарды босату және атысты тоқтату келісімінің екінші кезеңі бойынша келіссөздер басталған.
- Келіссөздердің екінші кезеңі басталды - делінген палестиналық топтың мәлімдемесінде.
Сондай-ақ онда Израильдің гуманитарлық көмек келісімін орындаудан «жалтарып, кешіктіріп» отырғаны айтылды.
Израиль алдағы күндері келіссөздер жүргізу үшін Қатар астанасы Дохаға топ жіберетінін мәлімдеді. Атысты тоқтату туралы алғашқы келісімге сәйкес екінші кезең бойынша келіссөздер бітімнің 16-шы күні басталуы тиіс еді.
Екінші кезең соғысты аяқтауға және аман қалған кепілге алынғандарды босатуға арналған.
Екінші кезең біріншіге қарағанда келісу қиынырақ болады деп күтіліп отыр. ХАМАС бұған дейін Израиль Газа секторынан барлық әскерін шығармайынша, соңғы кепілге алынғандарды босатпайтынын, сондай-ақ ХАМАС-тың әскери және саяси мүмкіндіктерін жоймайынша мұндай қадамға бармайтынын мәлімдеді.
Нетаньяху-Трамп кездесуіндегі келісімнің болашағы және Газа тағдыры
Бүгін Ақ үйде өтетін кездесуде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху келісімнің екінші кезеңіне өту мәселесін талқылайды.
- Сопақша кеңседегі кездесу барысында тараптар Газа секторы мен Ливандағы атысты тоқтату туралы қолданыстағы келісімдерді сақтау мәселелерін, сондай-ақ Газада қалған кепілге алынған барлық 79 адамды босату жөніндегі ортақ міндеттемені талқылайды, - деді Трамп әкімшілігінің жоғары лауазымды өкілі брифингте.
Дүйсенбі күні Израиль премьер-министрі ХАМАС-пен кепілге алынғандар туралы келісімнің келесі кезеңін талқылау үшін Вашингтонға ұшып, онда АҚШ-тың арнайы елшісі Стивен Уиткофпен және Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Майкл Уолцпен кездесті.
The Times of Israel-дің израильдік жоғары лауазымды шенеунікке сілтеме жасап хабарлауынша, Нетаньяху Трамптан егер ХАМАС атысты тоқтату келісім шарттарын бұзса немесе екінші кезең шарттарына қатысты келіссөздерді адал ниетпен жүргізе алмаса, АҚШ Израильдің соғысты қайта бастауын қолдайтыны туралы жария растауын сұрайды.
Өз кезегінде Трамп әкімшілігі ХАМАС-ты Газа секторындағы биліктен кетіруді көздеп отыр.
Сейсенбі күні АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майкл Уолц пен мемлекеттік хатшы Марко Рубио ХАМАС-тың Газа секторын басқара алмайтынын ашық мәлімдеді.
Түркияға, Алжирге және Қатарға депортациялау
Сейсенбі күні ХАМАС-тың баспасөз хатшысы сондай-ақ Израиль атысты тоқтату келісімі аясында босатқан 15 палестиналық тұтқынның бастапқыда Мысырға депортацияланғаннан кейін Түркияға келгенін мәлімдеді. ХАМАС хабарлағандай, кейбір тұтқындар сонымен қатар Алжирге немесе Катарға да баруы мүмкін.
Келісім шарттарына сәйкес, израильдіктерді өлтіргені үшін сотталған палестиналықтар босатылған жағдайда Иордан өзенінің Батыс жағалауы, Газа секторы және Шығыс Иерусалимнен тыс жерге біржола депортацияланатын болады.
Атысты тоқтатудың бірінші кезеңінде ХАМАС 13 кепілге алынған адам мен тағы бес Тайланд азаматын келісімнен тыс босатқан. Бұған жауап ретінде Израиль 583 палестиналық тұтқынды босатып, оның 79-ы Мысырға жіберілді.
30 қаңтарда Газа секторында барымтадағы сегіз адам – үш Израиль азаматы және бес Тайланд азаматы босатылды.