Газадағы бейбіт тұрғындардың өлімін тоқтатуымыз керек – Жозеп Боррель

Газадағы бейбіт тұрғындардың өлімін тоқтатуымыз керек – Жозеп Боррель
Фото: dknews.kz

Еуропа одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель өзінің Ливан мен Сауд Арабиясына сапарының қорытындысы бойынша мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazinform агеттігінің меншікті тілшісі. 

«Үш ай өткен соң Таяу Шығысқа қайта оралдым. Осы аралықта қайғылы оқиға «Хамас» терактілерінен басталып, кейін Газаны бомбалаумен жалғасты. Соның салдарынан көптеген бейбіт тұрғын құрбан болды. Жақында Бейрутке, содан кейін Эр-Риядқа сапарладым. Бұл ретте, екі мәселеге қатысты ой түйдім. Біріншіден, Газа тұрғындарының гуманитарлық жағдайы ушығып тұр. Бейнеконференция өткізіп, БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы Палестиналық босқындарға көмектесу жөніндегі агенттіктің бас директоры Филипп Лазарини мен оның Газадағы қызметкерлерінен біраз ақпарат алдым. Жағдай өте қиын, жүздеген мың адам баспанасынан айырылып, азық-түлік тапшылығы байқалып отыр. Екіншіден, аймақтағы шиеленіс қаупі жоғары, яғни Ливан мен Израиль шекарасында, сондай-ақ Қызыл теңіз аймағында жағдай күрделене түсуі мүмкін. Бұған тосқауыл қою маңызды. Біз соғыстың өршуіне жол бермеуіміз қажет. Соғысты ушықтармай, тоқтату керек. Қақтығыстың ушыға түсуіне жол бермеудің жалғыз шешімі – Израиль мен Палестина арасындағы шиеленістің саяси шешімін іздеу», – деді Жозеп Боррель.

Ол Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Фейсал бин Фархан әл-Саудпен осы мәселе бойынша келіссөз жүргізгенін айтты. Сонымен қатар ол Израиль мен Палестина арасында тиісті шешімдер орындалуы керек екенін және саяси келісім арқылы ғана бұл шиеленісті шешуге болатынын сөз етті.

«Газа секторында бейбіт тұрғындардың қаны төгіліп жатыр, осыны тоқтатуымыз керек. «Хамасты» жою керек. Бірақ «Хамас» – бұл идея, ал идеяны бірден жоя алмайсың. Атап айтқанда, жаман идеяны жоюдың жалғыз жолы – жақсысын ұсыну. Сондықтан Палестина халқына, оның қадір-қасиетіне, бостандығына мен қауіпсіздігіне жаңа мүмкіндіктер беру керек. Бұл қадамдар Израильдің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар іске асырылуы тиіс», - деді ЕО Жоғарғы өкілі.

Дегенмен Ж.Боррель бұған қол жеткізу қиын болатынын мойындады.

«Мен Брюссельге осы бағытта жұмыс істеуге және аймақтағы қақтығысты ушықтыруға жол бермеуге міндеттеме алып ораламын. Ливанмен шекарада соғыс ашуға ешкім де мүдделі емес, сондай-ақ Қызыл теңіздегі көлік қозғалысына қозғалысына қауіп төндіруі де ешқайсысына керек емес. Мүмкін осындай шиеленіс біреудің мүддесіне сай келетін шығар, бірақ бүкіл адамзат қақтығыстың ушығуын қаламайтыны анық», - деді еуропалық дипломат.

Соңғы жаңалықтар
telegram