Газадағы операцияда қаза тапқан Израиль әскерінің саны 180-ге жетті

Израиль қорғаныс күштері (IDF) сейсенбі күні таңертең қаза тапқан тағы төрт сарбаздың есімін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі РИА Новостиға сілтеме жасап.

Израиль Газа секторынан әскерінің бір бөлігін шығарды
Фото: ЦАХАЛ (Израиль қорғаныс күштері)

«Израиль қорғаныс күштері (IDF) сейсенбі күні таңертең қаза тапқан төрт сарбаздың есімін жариялап, Газа секторындағы құрлық операциясы кезінде қаза тапқандардың саны 180-ге жеткенін мәлімдеді», - делінген арна хабарламасында.

Бұдан бөлек, кем дегенде 7 жаралы сарбаздың жағдайы ауыр екені айтылды.

7 қазанда Палестиналық Хамас қозғалысының әскери қанаты жариялаған «Әл-Ақса тасқыны» операциясында Израиль Газа секторынан бұрын-соңды болмаған ауқымды зымырандық шабуылға ұшырады. Осыдан кейін ұйым жауынгерлері Израильдің оңтүстігіндегі шекаралық аймақтарға кіріп, әскерилерге де, бейбіт тұрғындарға да оқ жаудырды, сонымен қатар 200-ден астам адамды кепілге алды.

Израильде, соңғы мәліметтер бойынша 1,2 мыңға жуық адам қаза тапты, бұл санға бейбіт тұрғындар, әскерилер, шетелдік азаматтар мен жұмысшылар кіреді, сонымен қатар 5 мыңнан астам тұрғын жараланған.

Бұған жауап ретінде Израиль қорғаныс күштері Газа секторында Хамасқа қарсы «Темір қылыш» операциясын бастады. Бірнеше күн ішінде израильдік әскерилер Газамен шекараға жақын орналасқан барлық елді мекендерді бақылауға алып, жолақтағы нысандарға, соның ішінде бейбіт тұрғындарға әуеден соққы бере бастады.

Сондай-ақ, Израиль Газа секторын толық қоршауға алғанын жариялады: су, азық-түлік, электр қуаты, дәрі-дәрмек және отын жеткізу тоқтатылды.

Соңғы жаңалықтар