Газбен қамтамасыз ету туралы арнайы бағдарлама және заң керек - Е. Иманқұлов

АСТАНА. Маусымның 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Қазақстанда газ және газбен қамтамасыз ету мәселелерін қамтыған арнайы бағдарлама және заң керек.

Газбен қамтамасыз ету туралы арнайы бағдарлама және заң керек - Е. Иманқұлов

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында еліміздегі газ саласын дамыту және өңірлерді газдандыру мәселесіне арналған Үкімет сағатында сенатор Еділбай Иманқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сөз арасында депутат Е. Иманқұлов осы уақытқа дейін өңірлерді газбен қамтамасыз ету проблемалары жөнінде екі мәрте сауал жолдағанын, ал ондай сауалдарда тек проблемалар ғана емес, нақты ұсыныстар айтылғанын атап өтті.

«Біріншіден, еліміздегі газ саласын дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу қажеттігі туындап отыр, бұл ретте депутаттарды қатыстыра отырып аталған шарамен айналысатын комиссия құрылғаны абзал. Онда сұйытылған газды өндіру мен қамтамасыз ету жүйесін құру, газдың магистральды тасымалын дамыту шаралары қарастырылуы керек. Екіншіден, 2010 жылы Ақтөбе және Ақмола облысының екі елді мекенін сұйытылған газбен дербес жылыту жөніндегі екі ілкі жоба жүзеге асырылғаны орынды. Үшіншіден, Қазақстан Республикасындағы газ және газбен қамтамасыз ету туралы заң жобасы әзірленіп, қабылдануы тиіс. Құжатта еліміздің ауыл-аймақтарын газбен сенімді қамтамасыз етудің құқықтық негіздері қалыптастырылып, өндірілетін газды тиімді пайдалану, оны мотор отыны және химиялық өнеркәсіптегі шикізат ретінде пайдалану тетіктері үшін құқықтық жағынан қамту шаралары көзделуі керек», деді Е. Иманқұлов.

Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда газдандыру мәселесі бойынша бірқатар шаралар, сондай-ақ ілкі жобалар іс жүзінде жүзеге асырылмай отыр.

«Ел экономикасының барлық салалары арасында мұнайгаз өнеркәсібі тіпті дағдарыс кезеңінің өзінде қарқынды даму үрдісін көрсетті. Алайда, мұнайгаз кешеніндегі газ саласы бірегей жүйе ретінде емес, жеке-дара бағыт ретінде қарастыруды талап етеді», деді сенатор.