Газбен жүретін автокөліктерге ауысудың маңызы зор - Президент
«Әлемдегі мұнайдың 30 пайызын автокөліктер тұтынады. Бізге де мұнайды тезірек сатып, қайта өңдеп отыру керек. Осы себепті Атырау облысында екі бірдей қуатты мұнай-химия кешенін салып жатырмыз. Оның біріншісі құны 6 миллиард доллар Қытай инвесторы салып жатқан кешен. Екіншісі - 4 миллиард долларлық. Демек, біз қолда барды өңдей білуіміз керек. Осы ретте газбен жүретін автокөліктерге ауысудың маңызы өте зор», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент сонымен қатар, қазіргі уақытта автоөнеркәсіп саласында электромобильдер мен соған сәйкес инфрақұрылымды дамыту басым бағытқа ие екенін атап өтті.
«Бұл инновациялық кәсіпорын (қостанайлық зауыт базасында электромобильдерді құрау - авт.), жаңа тыныс - энергия қуатының баламалы көзін табу, сонымен бірге электромобильдерді құрау. Көптеген өңірлер мұндай автокөліктерге зәру. Сондықтан, осы саланы барынша дамыта білуіміз керек», - деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бүгін жұмыс сапарымен Қостанайға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нысандарда болды . Атап айтқанда, Президент «Əуежай» шағынауданында мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты. Шағынауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 900 орындық жалпы білім беретін мектеп, сондай-ақ спорт және ойын-сауық кешенінің құрылысы бой көтеруде.
Сондай-ақ Н.Назарбаев «СарыарқаАвтоПром» зауытына барды. Бүгін «СарыарқаАвтоПром» ЖШС ұсақтүйінді өндіріс бойынша жаңа технологиялық əдісті іске қосты. Əдіс «монокок» деп аталады. Президентке Peugeot, JAC, Iveco жəне басқа да электромобильдер көрсетілді.
Шетелдік инвесторлармен, зауыт қызметкерлерімен өткен кездесуден кейін Елбасына Қостанай облысының инвестициялық əлеуеті таныстырылды.