Газдалған сусынды жиі тұтыну адам ағзасына қандай қауіп төндіреді

газдалған сусын
Фото: Pexels

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Салқындатылған газды сусын бүгінде тойларда ғана емес, күнделікті дастарқанда да жиі тұрады. Оның жағымды дәмі тіл үйіргенімен, зиянды жағы да аз емес.  Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің техникалық регламенттер талаптарын бақылау бөлімінің басшысы Марина Давлетбаева газдалған тәтті сусынды жиі қолданбауды ескертеді.

Аталған маман бұл тақырып бойынша бірқатар статистикалық мәліметті мысалға келтірді. Атап айтар болсақ, тәтті газдалған сусынды Қазақстан халқының 65%-дан астамы анда-санда тұтынады екен. Оның ішінде 6 мен 9 жас аралығындағы балалардың үштен бір бөлігі аптасына бір немесе одан да көп рет ішсе, 16,7%-ы күнделікті ішеді. 

Газдалған сусындардың құрамы жапсырмасында көрсетілген және тұтынушы үшін құпия емес – бояғыштар, химиялық қоспалар, стабилизаторлар, қышқылдар, консерванттар, көмірқышқыл газы және судан тұрады. Көмірқышқыл газы адамдар үшін қауіпсіз, ал сумен араласқан жағдайда денсаулыққа зиянды болып шығады. Газдың сумен қосындысы көмір қышқылын береді, ал ол асқазан мен асқазан-ішек жолдары үшін қауіпті ерітінді, ағзада тітіркенуді және қабыну процестерін тудырады.

«Кішкентай балалардың рационындағы тәтті газдалған сусындарды шектеу керек. Минералды суды ішу пайдалы, ол денені электролиттермен қанықтырады, ал тәтті газдалған суды көп тұтыну тістің эмалін бұзады. Сондай-ақ мұндай сусын құрамында фосфор қышқылының тұздары бар. Сондықтан жиі қолданғанда фосфордың мөлшері артып, басқа маңызды минералды заттардың, мәселен сүйек тығыздығына жауап беретін кальцийдің жойылуына әкеледі. Салдарынан сүйектердің сынғыштығы артады, жарақат алу қаупі жоғарылайды. Үшіншіден, тәтті газдалған суда қант мөлшері өте көп болғандықтан, оны жиі тұтыну семіздікке және қант диабетінің дамуына әкелуі мүмкін», - дейді санитар дәрігер. 

Маманның айтуынша, тәтті газдалған сусындарды ұнататындарда, сонымен қатар жүрек-қан тамырлары ауруларының дамуы мүмкін. Бұдан бөлек ұйқы безінің онкологиясын тудыруы қаупі бар, бұл - сусында қанттың артық болуы ұйқы безіне ауыртпалық түсіретіндіктен. Салдарынан инсулинның көбеюі басталады. Мұндай сусынның орташа алғанда, бір банкасының құрамында шамамен 40 грамм, яғни, 8-10 шай қасық қант бар. 

«Әр нәрсенің шегі бар. Мөлшерден артық тұтынғанда адамда әлсіздік пайда болып, ұйқы басу, еңбекке қабілеттілік төмендеуі мүмкін. Альцгеймер ауруы, ағзаның сусыздануы, қан қысымының жоғарылауы сияқты аурулар да көп жағдайда пайда болуы ғажап емес.

«Газдалған сусындар өсіп келе жатқан баланың денсаулығына аса зиянды. 2022 жылы «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларымен білім беру және тәрбиелеу нысандарында, мектепке дейінгі ұйымдарда, балалар үйлерінде, балалардың сауықтыру және санаторий объектілерінде балалардың тамақтану рационына газдалған сусындарды енгізуге және сатуға тыйым салынды. Тәтті газдалған сусындарға қызықпаңыз, оны аз мөлшерде тұтыну керек немесе оны пайдалы сусындармен алмастырған жөн. Табиғи шырындар, үйде жасалған компоттар мен лимонад, түрлі жеміс-жидектен жасалған морстарға шөлің қанады және денсаулыққа да пайдалы», - дейді Марина Давлетбаева.

Соңғы жаңалықтар