Газдалған сусыннан балалар уланып жатқаны рас па

АСТАНА. ҚазАқпарат – WhatsApp-та «Тархун» сусынын ішкеннен кейін ұл бала көз жұмғаны және газдалған сусындардан өзге де балалар уланып жатқаны туралы фейк ақпарат тағы тарады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті ақпаратты кезекті рет теріске шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.

Газдалған сусыннан балалар уланып жатқаны рас па

Хабарламада «Тархун» және «Ситро» газдалған сусындары ғана емес, сонымен қатар «M&M’S» дражесі, «Milky way» шоколады, «Дюшес» пен «Барбарис» кәмпиттері және басқа да бірқатар тағамдар қауіпті деп танылғаны айтылған.


ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті тізімдегі бірде-бір өнім қауіпті деп танылмағанын, сондай-ақ Қазақстанда газдалған сусыннан қатты улану жағдайлары тіркелмегенін мәлімдеді.

«ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті әлеуметтік желілерде таралған азық-түлік өнімдері туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін және фейк деп танылғанын хабарлайды. Сондықтан жалған ақпарат таратпауды сұраймыз және тек ресми дереккөзден алынған ақпаратты пайдалануға шақырамыз», – деді ведомстводан.

Айта кетейік, газдалған сусын ішіп, уланған балалар туралы хабарлама Ресейдің интернет-сегментінде 2019 жылы таралған болатын.
Кейін Қазақстанға және басқа да елдерге жетті. Әр жолы хабарлама теріске шығарылып, сусындардан қатты улану жағдайлары тіркелмегені хабарланып отырды.