Газдан улану азаймай тұр: Түркістан облысында 117 адам зардап шегіп, 12-сі көз жұмды
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысында газдан улану деректері азаймай отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
QazaqGaz Aimaq АҚ Түркістан өндірістік филиалының директоры Асқар Шипековтың мәлімдеуінше, 2024 жылы газдан улануға қатысты 110 оқиға тіркеліп, 245 адам зардап шеккен. Оның ішінде 20 адам көз жұмған. Ал 2025 жылы 112 оқиға тіркеліп, 284 адамға зиян келіп, 17 адам қайтыс болған.
– 2026 жылдың басынан 16 маусымға дейін 65 оқиға тіркелді. Салдарынан 117 адам зардап шегіп, 12 адам қаза тапты. Газдан улану жағдайлары көбіне Сарыағаш, Сайрам, Түлкібас, Төлеби және Қазығұрт аудандарында тіркеліп отыр, – деді спикер.
Оның айтуынша, газ тұтыну қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылыту маусымында 16 860 тұрғын үй тексерілген. Нәтижесінде қауіпсіздік талаптарын бұзудың 98 дерегі анықталып, заңсыз орнатылған газ пештерін пайдаланған 15 тұтынушы газ жүйесінен ажыратылған.
Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Мейрамхан Кемелхановтың сөзінше, 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымында өңірдегі тұрғын үйлерде 96 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 8 адам жарақаттанып, 18 адам қаза болған. Өрттен келген материалдық шығын көлемі 139 млн теңгеден асқан.
Спикердің айтуынша, газдан уланудың негізгі себептері қатарында мұржалардың тозуы, уақытылы тазартылмауы немесе мүлде болмауы бар. Сонымен қатар түтін шығатын мұржаларды дер кезінде тексермеу, газ-су жылытқыштарын қауіпсіздік талаптарын бұза отырып жуынатын бөлмелерге орнату, газ құрылғыларын өз бетінше монтаждау және қолдан жасалған газ жабдықтарын пайдалану фактілері жиі кездеседі.
– Кейбір тұрғындар қауіпсіздік үшін орнатылған газды автоматты түрде ажырату құрылғыларын өздері сөндіріп тастайды. Мұндай әрекеттер қайғылы жағдайларға әкеліп отыр, – деді Мейрамхан Кемелханов.
Ресми мәліметке сәйкес, өңірде әлеуметтік осал топтарға жататын тұрғындардың есепке алынған 34 197 үйі бар. Жылыту маусымы кезінде бұл үйлер толық араланып, түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ 2025-2026 жылғы жылыту маусымында жалпы саны 8 449 қауіпсіздік құрылғысы орнатылған.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбековтің айтуынша, бүгінде өңірдегі 801 елдімекеннің 606-сы табиғи газбен қамтылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 640 елдімекенге жеткізу жоспарланып отыр.
Бұған дейін Түркістан облысында тұрғындардың жаңадан тартылған газ желісінің сапасына наразылық білдіргенін жазған едік.