Газдандыру қаладан шығатын қалдық көлемін 40 мың тоннаға дейін азайтады – Елорда әкімдігі
Тағы бір жайт мамандардың мәлімдеуінше, Нұр-Сұлтан қаласын газға қосу, шаһардан жыл сайын шығатын қалдықтардың көлемін 40 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді екен. Бұл туралы қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Төлеген Құлұшев мәлім етті
«Елордаға газ тарту жобасы үш кезеңге бөлінген. Газ құрылысының алғашқы кезеңі 2019 жылдың күзінде басталып, ол 9 іске қосу кешенінен тұрды. Бүгінде екінші және үшінші кезең бойынша жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Оның орындалу мерзімі биыл басталып, 2023 жылға дейін созылады. Сол сияқты ол республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Одан бөлек, газ тарту жұмысына жеке инвесторларды да тарту қаралып жатыр. Қазіргі уақытта 1-ші, 2-ші, 3-ші, 4-ші және 7-ші газ кешендерін іске қосу жұмыстары аяқталды», - деді Төлеген Құлұшев елорда мәслихатының тұрақты комиссия отырысында жасаған баяндамасында.
Оның айтуынша, бүгінде елорда іргесіндегі «Железнодорожный», «Көктал-1», «Көктал-2» тұрғын үй алаптары мен Агроқалашық шағын ауданының бір бөлігі көгілдір отынға қосылған.
«Халықты газбен қамту жұмысы кезең-кезең бойынша жүріп жатыр. Сондай-ақ, өткен жылы қаладағы ЖЭО-1 және ЖЭО-2-да газ берілді. Биыл қарашаға дейін 5-ші,8-ші және 9-шы газ кешендері іске қосылады. Сол сияқты 2020 жылдан бастап ЖЭО-2-де бір қазандық, ЖЭО-1-де үш қазандық газбен қамтамасыз етілсе, биыл ЖЭО-2-де бес қазандық, ЖЭО-1-де төрт қазандық газға көшіріледі. Одан бөлек, қала бойынша 19 әлеуметтік нысанды газға көшіру жұмысы жүргізілуде. Елорда мен оның іргесіндегі тұрғын үй алаптарын газдандыру қаладан шығатын қалдықтардың көлемін 40 мың тоннаға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бүгінде жұрттың көпшілігі газ баллондарын пайдаланып отыр, осы орайда табиғи газ орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың туындау тәуекелін барынша азайтады», - дейді ол.