Газды үнемді пайдалануға қатысты түзету енгізіледі – Мәжіліс

АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді.

Газды үнемдеу
Фото: Bloomberg

«Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды орындау үшін Мәжіліс депутаттары аталған заң жобасына бастама жасады. Аталған құжат жобасына газ саласын қатысты тиісті түзетулер қарастырылған», - деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин палатаның жалпы отырысында.

Бұл тұрғыда, газ саласы бойынша ұлттық оператор тарапынан тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің нысандарын салуда жобалауға арналған тапсырмаларды және олардың жобалық құжаттамасын келісуді, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерін салу жобаларын техникалық қолдап отыруды жүзеге асыру ескерілген.

Сонымен қатар заң жобасында тұтынушыларды газды ұқыпты пайдалануға ынталандыру, газды ішкі нарықта сату кезінде оны есепке алудың ашықтығын қамтамасыз ету және автоматтандыру, жеке газ тарату ұйымдарының қызметін мемлекеттік реттеу, тариф қалыптастырудың жаңа әдістерін енгізу қарастырылған.

«Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын», - деді депутат.