«Газды шектен тыс жағатын компаниялар жазаланады» - республикалық басылымдарға шолу

***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Жұмыспен қамту жайымен танысты» атты мақала басты. Басылымның жазуынша жексенбі күні Шығыс Қазақстан облысына іссапармен Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаев бастаған жұмыс тобы келді. Вице-премьер бастаған топ алдымен атбасын Глубокое кентіндегі еңбекпен қамту орталығының жұмысымен жете танысып, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының «Ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» атты екінші бағыты аясында несие алған кредиттік ұйымдардың мүшелерімен кездесті. Орталық мамандары осы жылы 158 адамға 368 миллион теңгенің несиесін беруді, 106 әлеуметтік жұмыс орнын құруды және жастар тәжірибесіне он адамды қатыстырып, 156 тұрғынды кәсіби дайындықтан өткізуді көздеп отыр. Бағдарлама нәтижесі көзге көрініп тұрғандықтан несие алуға ниет білдіргендердің саны ауданда артып келеді. Осы жерде Үкімет басшысының орынбасары шағын несие алып өз кәсіптерін дөңгелетіп кеткен бір топ аудан тұрғынымен жүздесті. Солардың бірі - оралман Ерсін Әлмет екі миллион теңге несие алып, ірі қара өсіруде, қазір ол төрт адамға жұмыс беріп отыр. Ал Майрагүл Өскенбай несиеге іс тігу машиналарын сатып алған, ол да жерлестерін жұмысқа тартыпты. Қазір ұлттық киім-кешектер тігіп, саудалауда, өнімі өтімді, сұраныс жетерлік. Кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламаның өңірде аса тиімді жүзеге асырылып жатқанын айтып, жеке істерін ашуға мүмкіндік берген осындай бағдарламаға бастамашы болған ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыстарын білдірді.
Бүгінгі күні Жаңаөзендегі жағдай қалыпқа түсіп отыр. Өндіріс орындары, әлеуметтік нысандар жұмысы жолға қойылды. Бұл ретте қоғамдық қабылдау бөлімдері Ақтауда да, Жаңаөзенде де өз проблемаларын айтып, ақыл-кеңес, көмек сұрап келгендерге мүмкіндігінше жәрдем көрсетуді мақсат етіп жүр. Соны сезінген Жаңаөзен тұрғындары атынан «Нұр Отанның» қалалық филиалына өткен жылы ғана 709 арыз түскен. Ал осы жылдың екі айындағы өтініш хаттар саны 237-ге жетіп отыр. Оның 130-дан астамы өздерін жұмысқа орналастыруға көмек сұрапты. Өткен апта мәліметі бойынша 71 азаматтың арызы қанағаттандырылған. Айтылғанға қоса біраз азаматтар қаланың еңбек бөліміне де барған. Оларда түрлі-түрлі жағдайлар көтерілген. Сондықтан мәселені оң шешу үшін әкімдікпен, өндіріс орындарымен, Нұр Отанның облыстық филиалымен қоян-қолтық бірігіп жұмыс жасауға тура келуде. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Жаңаөзенге қатысты жәйттер» атты мақаладан оқыңыздар.
***
«Шағын несие ұйымдарының жұмысын реттеп, бір жүйеге келтіру жайлы менің айтып жүргеніме бес жылдан асып кетті. Ұлттық банк Микроқаржылық ұйымдары қауымдастығының осы жанайқайын естіп, содан нәтиже шығарғалы жатқаны бізді қуантады. Өйткені бұл салада, жұмысын ұқыпты жүргізіп отырған мекемелер де бар, сонымен қатар алаяқтардың жүргені де жасырын емес. Сол үшін осы саланы біраз реттеу керек және таза, салықтарын дер кезінде төлейтін мекемелер нарықта қалу керек те, жұмысы түсініксіз, күңгірт мекемелер кетуге тиіс»,-дейді Қазақстанның Микроқаржылық ұйымдары қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы Шалқар Жүсіпов. Оның пікірінше, Заңда осы мәселенің бәрі ескерілген және осы қалпында қабылданады деген үмітіміз бар. Егер расында да заң осы қалпында қабылданар болса, онда елімізде 1756 емес, 250 - 300 шамасында шағын несие ұйымдары қалады. Бұл сұхбат «Айқын» басылымының бүгінгі санында «Микроқаржы саласында күрделі кезең артта қалды» атты тақырыппен жарияланған.
Осы басылымның жазуынша, Қазақстан - «газды алауларды босқа жағуды қысқарту және ауаға зиянды заттар тастауды төмендету» жөнінен «әлемдік көшбасшы». Мұндай жоғары бағаны Дүниежүзілік банк берген: ол спутниктік мәліметтерге сүйене отырып, Қазақ елінің небары бес жыл ішінде, мұнай өндіру кезінде шығатын ілеспе газды жағуды үштен бірге қысқартқандығын, осылайша ауаға CO2 шығаруды 6 млн тоннаға дерлік азайтқанын анықтаған. Бірақ соған қарамастан, еліміз Иран, Ирак, Алжир, Ангола, Сауд Арабиясы, Венесуэла қатарында «көгілдір отынның» үлкен көлемін кәдеге жаратпай, өртеп жіберіп жатқан мемлекеттердің «топ-тізімінде» тұр. Осы орайда кеше ел Үкіметі газды шектен тыс артық жағатын компанияларға жаза қолданатынын жариялады. Ол қандай жаза. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Газды шектен тыс жағатын компаниялар жазаланады» атты мақаладан білуге болады.
***
Қазақстан Корей халық демократиялық республикасының ядролық қару мен алыс қашықтыққа бағытталған зымырандарды сынауға мараторий жариялап, уранды байыту жұмыстарын тоқтатып, МАГАТЭ инспекторларын Йонбендегі ядролық нысанға жіберу жөніндегі шешіміне қанағаттанды. Кеше Сыртқы істер министрлігінің халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары, ресми өкіл Алтай Әбибуллаев осындай мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі КХДР-ның осы бағыттағы қадамдары Корей жартылай аралындағы 6 бағытты қамтитын келіссіөздердің жандануына ықпал етуі мүмкін. Бұл мәселе жөнінде «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «К всеобщей денуклеризаций» атты мақаладан оқыңыздар.