Газды жер қабатына кері айдау тиімді – Әлихан Смайылов
АСТАНА. ҚазАқпарат – Газды жер қабатына кері айдау тиімді. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде 80 жер қойнауын пайдаланушының ішінде 7 компания жылына шамамен 18 млрд текше метр газды жер қабатына кері айдауды жүзеге асырады. Оның ішінде барлық кері айдалған газдың 82 пайызы екі ірі мұнай-газ өндіруші компания - «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» (11,1 млрд текше метр) және «Теңізшевройл» ЖШС-ға тиесілі (3,6 млрд текше метр)», - деп атап өтеді Үкімет басшысы жауабында.
Премьердің мәліметінше, газды жер қабатына кері айдау өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.
«Жүргізілген зерттеу нәтижесіне сәйкес, кен орындарында газды кері айдау өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Мұның үстіне газды кері айдауды қысқарту мұнай өндірудің құлдырау қарқынын арттырады және мұнай шығару коэффициентін төмендетеді. Бұған қоса, тауарлық газдың қосымша көлемін сатудан түсетін пайда мұнай өндіру көлемінің төмендеуімен байланысты айтарлықтай экономикалық шығынды жаппайды», - деп түсіндіреді Әлихан Смайылов.