Газет шығаруды кірпіш шығару ісімен бір деңгейде қарауға болмайды - Марат Тоқашбаев
АЛМАТЫ. 3 тамыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Руханият мәселесі мен материалдық өнім өндіруді бір деңгейде қарастыруға болмайды. Бұл бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
«Газет шығаруды кірпіш шығарумен бір деңгейде қою дұрыс емес. Сондықтан « Мемлекеттік сатып алу туралы» заңға өзгерістер енгізу керек. Бұл құқық үкімет пен депутаттардың қолында. Бастамашы топ кітап шығару, бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландыру ісін осы заңның аясынан шығарып алу керек. Немесе мемлекеттен субсидия арқылы қаржыландыру туралы жаңа баптар қосылу керек», - дейді «Президент және Халық» газетінің Бас редакторы Марат Тоқашбаев.
Көсемсөз шеберінің айтуынша, алдағы жылдан бастап мемлекеттік сатып алу тендері электрондық жүйе арқылы өтпек. Үміткерлер өз кеңсесінде отырып тендер кезінде төмен баға ұсынудан жарысқа түспек. Бұл үлгі материалдық өнімдерге келетін шығар, ал рухани дүниеге сәйкес келмейді.