Газға қосылу процесін автоматтандыру үшін электронды сауда алаңы енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Газға қосылу процесін автоматтандыру үшін электронды сауда алаңы енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Газға қосылу процесін автоматтандыру үшін электронды сауда алаңы енгізіледі

«Бюрократиядан арылту жөніндегі шараларды іске асыру аясында 2022 жылы министрлік Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, Ұлттық экономика министрлігімен, ҚазТрансГаз Аймақпен бірлесіп, газ желілеріне қосылу кезіндегі кедергілерді жою бойынша жұмыс жүргізді. Мәселен, халық үшін қажетті құжаттар саны азайтылды. Газбен жабдықтау желілеріне қосылуға техникалық шарттар алған кезде құжаттар саны 7-ден 4-ке дейін, құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін 14-тен 9-ға дейін қысқартылды», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, мұнан бөлек, газға қосылу процесін автоматтандыру мақсатында ҚазТрансГаз Аймақ электронды сауда алаңын енгізу бойынша жұмыс жүргізуде. Онда тұтынушылар көрсетілетін қызметтердің құнын, олардың рейтингтерін негізге ала отырып, монтаждау ұйымдарын, жабдықтарды жеткізушілерді таңдай алады.

«Қабылданған іс-шаралар газ желілеріне қосылу қарқынын арттыруға мүмкіндік береді. Осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады», - деді Болат Ақшолақов.