Ғазиз Әбішев Президенттің АҚШ-қа сапары жайлы: «Ресейден алшақтаңдар» дей қоймас

Ғазиз Әбішев
Фото: жеке мұрағатынан

Саясаттанушы Ғазиз Әбішев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа сапарының басым бағыттарына тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Саяси шолушы Мемлекет басшысының БҰҰ Бас Ассамблеясы саммитінің аясындағы бұл сапары қай жағынан алса да өте күрделі екенін айтады.

«Бірақ, біз үшін сапардың ең басты оқиғасы Орталық Азия көшбасшыларының АҚШ Президенті Дж. Байденмен кездесуі болатыны анық. Үлкен саяси әңгіме болайын деп тұр. Түрлі арандатуларға, соның ішінде ресейшіл мамандардың «Байден ымдап қалып еді, бәрі жүгіріп барды» дегенге саятын жазғыруларына мән берудің қажеті жоқ. Бұл – кейінгі 5-6 жылдан бері танымал формат. Бұл форматта Орталық Азия көшбасшылары Си Цзиньпинмен, В. Путинмен, Нарендра Модимен кездесті. Араб түбегі мемлекеттерінің саммитіне де осы форматпен қатысты. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – қалыпты сапар. Оның үстіне, Америка – әлемдегі ықпалды, қуатты мемлекеттің бірі. Бірінші орындағы мәселе экономикалық қарым-қатынастар болатыны анық. Бұл жерде «Ресеймен әріптестіктен бас тартыңдар» деген әңгіме бола қоймас. Өйткені, америкалық ойыншылар бұл мүмкін емес екенін түсінеді деп ойлаймын. Дегенмен, олар да осы аймақтағы ықпалын арттыруға күш салатыны түсінікті. Өйткені, олар Қытай мен Ресейдің ортасындағы өңірге көбірек көңіл бөлу тиімді екенін түсінді. Бұл жерде Ауғанстаннан туындайтын қауіпті де ескеріп отыр. Сондықтан, АҚШ та аймақтағы ықпалын арттырып, байланыстың жаңа арналарын табуға талпынады. Олар да аймақ елдеріне санкциялар салып, күшпен әрекет етуден пайда жоқ екенін біліп отыр. Өйткені, мұндай қатынас аймақ елдерін Ресей мен Қытайдың құшағына итермелеп, ертең мүлде байланыс үзілуі мүмкін екенін түсінеді», - деді сарапшы.

Саясаттанушы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ саммитінің мүмкіндіктерін пайдаланып, Словения, Финляндия, Мажарстан сияқты елдердің де басшыларымен кездесуін жалпы сипаттағы, қатардағы келіссөздер ретінде бағалап отыр.

«Орталық Азия көшбасшыларының АҚШ Президентімен кездесуінің нәтижесін өзіміздің БАҚ-тан, кейбір тұсын Батыс басылымдарынан білетін шығармыз.

Ал, жаһандық ауқымдағы корпорация басшыларымен өтіп жатқан кездесулердің бәрі «Жаңа Қазақстанның» экономикалық бағдарына негізделіп әзірленді деп ойлаймын. Мысалы, Rio Tinto компаниясы неге Қазақстанға емес, Моңғолияға келді деген әңгіме болған. Өйткені, ол жақта сыбайлас жемқорлық пен қайтарым сұрау болған жоқ деп есептелді. Ал бізде «біреуге телмірмей өзіміз істейік» деген ниет болды. Қазір жер қойнауын барлау бағытында үлкен жоспарлар бар. Кеніштерді әзірлеп, іске қосуға өз қаражатымыз жетпейді. Сондықтан, Rio Tinto басшылығымен кездесу өтті. Цифрлық теңге, экономиканы цифрландыру бағытында Mastercard басшылығымен әңгімелесу керек болды.

Ал, GE Healthcare басшылығымен кездесуде ультрадыбыс аппараттары өндірісінің жергілікті үлесін арттыру бағытындағы мүмкіндіктер талқыланды. Орталық Азияда халық саны қарқынды өсіп келе жатқанына қарамастан, сапалы заманауи медициналық техникамен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілмеген. Қазақстан осы тұрғыдан GE Healthcare үшін аймаққа кіретін орынға айналғысы келетін шығар. Бұл компания осы аймаққа келсе, өндірісті дамытып, қондырғыларды Орталық Азияға, тіпті кейін Ресейге сата алатын еді. Демек, корпорация басшыларымен кездесулер нақты бағыттар бойынша, таза прагматикалық сипатта өтті.

Бұл сапардың жоспары жақсы дайындалғаны көрініп тұр. Ірі компаниялардың бәрімен жаппай кездесу емес, нақты бағыттар байланыс орнату талпынысы бар», - дейді Ғазиз Әбішев.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum