«Газпром» Жапония рыногына кіреді
АСТАНА. 27 қазан. ҚазАқпарат - Ресейлік «Газпром» Жапониядағы жобаларға қызғушылық білдіруде. Компания өкілдері қазірдің өзінде Mitsui, Mitsubishi және TEPCO компанияларындағы жапондық әріптестерімен елдегі электр энергетика жобаларына қатысу мүмкіндігін талқылады, деп жазады bnews.kz порталы «Известия» газетіне сілтеме жасап.
Компания хабарламасында айтылғандай, ресейлік компанияның басқарма төрағасының орынбасары Александр Медведев қатысқан кездесулерде энергетика саласындағы ресей-жапон ынтымақтастығының болашағы қаралды.
«Атап айтқанда, «Сахалин-2» жобасы шеңберінде Жапонияға газ жеткізу мәселелеріне, Жапония аумағында электр энергетикасы жобаларына «Газпром» ААҚ-ның қатысу мүмкіндігіне ерекше көңіл бөлінді», - деп хабарланды «Газпромнан».