Геббельстің хатшысы 106 жасында қайтыс болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мюнхенде 106 жасқа келген Брунгильда Помзель өмірден озды. Ол үш жыл бойы нацистік Германия Халық ағарту және үгіт-насихат министрі Йозеф Геббельстің жеке хатшысы болған, деп хабарлайды Associated Press.
2016 жылы Помзель туралы «Неміс өмірі» атты деректі фильм түсірген режиссер Кристиан Кренес әжейдің өлімін растады. Оның айтуынша, Б.Помзель өз үйінде, ұйқы үстінде бақиға аттанған.
Брунгильда Помзель 1911 жылы 11 қаңтарда Берлинде дүниеге келді.Ол 1942 жылдан 1945 жылға дейін Геббельстің қарамағында жұмыс істеген. 1945 жылдың 1 мамырында рейхсминистр мен әйелі Магда Адольф Гитлер бункерінде алты баласын улап өлтіріп, өздеріне қол салды. Нацистік Германия соғыста тізе бүккен соң, Б.Помзель тұтқындалып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 1950 жылы түрмеден шығып, 21 жыл бойы ARD телеарнасында жұмыс істеді.