Гемофилиямен ауыратындардың қазақстандық қауымдастығы дәрі сатып алу үшін тендер мерзімінің шегерілуіне алаңдаушылық білдірді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Гемофилиямен ауыратындардың қазақстандық қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің президенті Тамара Рыбалованың айтуынша, бүгін өткізілуі тиіс гемофилияға қарсы дәрі-дәрмектер тендері 2010 жылдың қаңтар айына қалдырылған. «Құзырлы органдар бұның негізгі себептерінің бірі қан препараттары өндірісі зауытының салынуы дейді. Тендердің кеш өткізілуі ауруларды емдеуге үлкен кедергі келтіреді. Сондықтан тендер жақын арада өткізілуі тиіс», дейді Т.Рыбалова.
Оның айтуынша, 2007 жылы Қазақстанда гемофилияны емдеу үшін бюджеттік бағдарлама әзірленген. 2008 жылы қолданысқа енгізіліп, 2009-2011 жылдарға арналған бағдарлама бекітілген. Осыған сәйкес 2009 жылы ересектерге 3 миллиард 143 миллион 827 мың теңге, 2010 жылға 3 миллиард 419 миллион 293 мың теңге, 2011 жылға 3 миллиард 707 миллион 561 мың теңге бөліну көзделген. «Осыған сәйкес биыл гемофилиямен ауыратындар дәрімен тұңғыш рет тегін қамтамасыз етілді. Аурулар жақсара бастады. Биыл біздің делегация Мәскеуде өткен халықаралық конференцияға қатысты. 60-қа жуық қатысушы мемлекеттер арасында қазақстандық аурулардың дәрімен қамтылуы ең үздік болып танылды», дейді Т.Рыбалова.
Оның айтуынша, белгісіз себептермен тендер мерзімінің шегерілуі ҚР Үкіметінің «Мемлекеттің азаматтарды тегін медициналық көмекпен кепілдендірілген көлемде қамту» туралы қаулысына қайшы.