17:36, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Гендерлік саясат мәселесі қозғалғанда, оны әйелдердің тек билікке ғана ұмтылысы деп түсіну қате ? Н.Сыдықов
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Гендерлік саясат мәселесі қозғалғанда, оны әйелдердің тек билікке ғана ұмтылысы деп түсіну қате. Бұл туралы бүгін Қазақстан Жастары конгресінің ұйымдастыруымен «Намысын бермеу үшін жатқа қолдан, арулар аз болды ма атқа қонған» тақырыбында өткен жиында Конгрестің атқарушы директоры Нұрлан Сыдықов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған шараға Астана қаласында жұмыс істейтін 10-нан астам түрлі жастар ұйымдарының көшбасшы қыздары шақырылды. Олар Қазақстан Жастары конгресінің ер азаматтарымен «Дилемма: табысты мансап, әлде әйел бақыты», «Жетістікке жету формуласы» және «Ерлер және әйелдер: бірдей құқықтан, бірдей мүмкіндіктерге жол» сынды қазіргі заманғы гендерлік саясаттың түйткілді мәселелеріне қатысты әңгіме өрбітті. Ондағы мақсат ? жастар саясатының дамыуына үлес қосқан аруларды ынталандыру, олардың мәртебесін биіктету. Н.Сыдықовтың айтуынша, бүгінде республика аумағында жұмыс істейтін жастар ұйымдарының 90-ға жуығының басшылығында ер азаматтар отыр. «Жастар Конгресі бұл үрдісті дұрыс емес деп санайды. Гендерлік саясат мәселесі қозғалғанда, оны әйелдердің тек билікке ғана ұмтылысы деп түсіну қате. Өйткені қандай да бір істің тиянақты, уақтылы және нәтижелі орындалуы көп жағдайда қыз-келіншектердің арқасында болады», - деді ол.