Гендерлік саясатқа қатысты заң жобасын кейінге ысыра беруге болмайды - Г. Әбдіхалықова
АСТАНА. Қарашаның 5-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Әйелдер мен еркектердің тең құқықтары мен бірдей мүмкіндіктері туралы» ҚР заң жобасы бойынша жұмыс тобының отырысы барысында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссиясының төрайымы Гүлшара Әбдіхалықова аталған құжатты қабылдаудың уақыты жеткендігін атап өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның «Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы» Конвенциясына 1998 жылы қосылған болатын. Осы жылдан бері біз екі мәрте БҰҰ комитеті алдында осы конвенцияның орындалуы туралы есеп беріп өттік. Жалпы, бұндай есеп дұрыс бағаланып, Қазақстан әйелдерге қатысты тең мүмкіндіктер мәселесінде біршама жетістіктерге жеткенін дәлелдеп отыр. Ал Қазақстан тарапынан осындай кезекті есеп 2011 жылы берілетін болады. Сонымен бірге, БҰҰ-ның осы халықаралық конвенцияның жүзеге асуын бақылайтын комитеті Қазақстанға әйелдер мен еркектердің тең құқықтары мен бірдей мүмкіндіктері туралы заң қабылдауды жеделдету туралы екі мәрте ескерту жасады», деді Г. Әбдіхалықова.
Оның айтуынша, бұл бағыттағы заңды қабылдау туралы Мемлекет басшысының бекіткен 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясында да көрсетілген болатын. Сонымен бірге, қазақстандық әйелдердің 4-ші форумында, Парламенттің ағымдағы сессиясын ашу барысында да Елбасы аталған құжатқа қатысты тапсырма жүктеген. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демография саясаты жөніндегі ұлттық комиссия тарапынан осы мәселелерге қатысты ұлттық тетік те әзірленген. «Сондықтан да, бұл заң жобасын әдеттегідей кейінге ысыра беруге болмайды. Халықаралық ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері тарапынан тиісті ұсынымдар келіп түсті. Осыларды ескере отырып, заң жобасын уақтылы палатаның қарауына шығаруға күш салу керек», деді Г. Әбдіхалықова.