General Electric Қазақстан кәсіпорындарын цифрландырумен айналысады

АСТАНА. ҚазАқпарат - General Electric (GE) пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ ынтымақтастық туралы алдын ала келісімге қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

General Electric Қазақстан кәсіпорындарын цифрландырумен айналысады

Елордада өтіп жатқан Тәуелсіз әл-ауқат қорлары халықаралық форумының (IFSWF) 9-шы отырысы аясында рәсімделген құжаттың мақсаты «Самұрық-Қазынаның» өнеркәсіптік кәсіпорындары мен Қазақстандағы басқа компаниялар үшін орнықты цифрлық экожүйені құру аясында ықпалдастықтың мүмкіндіктерін қарастыру болып табылады.

«Самұрық-Қазына» қоры ҚР Президентінің Үшінші жаңғырту тапсырмасына сәйкес қоржындық компаниялар үшін цифрлық шешімдер мен сервистерді енгізу жұмыстарын жеделдетуге бағытталған бастамаларды жүзеге асырады. Алдын ала келісім аясында «Самұрық-Қазына» қорының еншілес компанияларын цифрландыру жөніндегі стратегияны тиімді жүзеге асыру үшін бірлескен жол картасын түзу қарастырылған. GE сандық технологияларының қолданылуы «Самұрық-Қазынаның» кәсіпорындарына құрал-жабдықтың техникалық жағдайын болжауға, ақауларды ерте анықтаудың есебінен штаттан тыс оқиғаларға жол бермеуге, жоспарланбаған тоқтап қалу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар тараптар өнеркәсіптік интернет үшін Predix платформасы негізінде сандық шешімдерді қашықтықтан бұлттарға дейін локализациялау мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты. Бұл өз кезегінде қазақстандық құрастырушылар қауымдастығының өңірдегі ірі университеттермен ықпалдастық орнатуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«GE мен «Самұрық-Қазына» қорының бірлескен жобаны жүзеге асыруы Қазақстанда белсенді цифрлық экожүйені қалыптастыруға және өңірдің негізгі салаларын цифрландыруға септігін тигізеді», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев.

Еуропадағы GE Digital бас директоры және бас коммерциялық директоры Дебора Шерри өз кезегінде «Самұрық-Қазына» қорымен ынтымақтастық аясы кеңейгеніне және Қазақстан өнеркәсібін цифрлық жаңғырту бойынша нақты қадамдардың жүзеге асырыла бастауына қуанышты екендігін айтты.

«Қол жеткізілген келісімдер елдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазақстанда Predix негізінде озық шешімдердің енгізілуі Орталық Азияның ең ірі экономикасында цифрлық инновациялардың жаңа буынын қалыптастыруға үлкен серпін береді», - деді ол.