Генерал-майор Қайрат Көпбаев екі айға үйқамаққа алынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қорғаныс министрлігінің генерал-майоры Қайрат Көпбаев екі айға үйқамаққа алынды. Бұл ақпаратты Қорғаныс министрлігі растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жемқорлыққа қарсы келісім аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе жүргізген шаралардың арқасында ҚР Қорғаныс министрлігінің кадрлар департаментінің бұрынғы бастығы – генерал-майор Көпбаев ұсталып, қазір оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта генерал-майор Көпбаевқа қатысты 2 ай мерзімге үйқамақта ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды», - деді тілшілерге ҚР Қарулы күштері әскери полициясы бас басқармасы бастығының орынбасары Бекен Шынтілеуов.

Оның айтуынша, БАҚ-та генерал-майор Көпбаевтың кадрлар және әскери білім департаментін басқаратыны жайлы ақпарат тарап кеткен.

«Бұл мәлімет дұрыс емес. Лауазымды қызмет пен әскери атағына қарай оның лауазымы – ҚМ кадрлар департаментінде болған. Оның әскери білім департаментіне қатысы жоқ», - деді Бекен Шынтілеуов.

Қылмыстық заңнамаға сәйкес, айтарлықтай шығынға 50 АЕК-тен басталатын (130 мың теңге) сома жатады.

Еске салсақ, ҚР Қорғаныс министрлігінің генералы жүйелі түрде пара алды деген күдікпен ұсталғаны туралы хабарлаған болатынбыз.
Соңғы жаңалықтар