09:07, 02 Сәуір 2015 | GMT +5
Геннадий Головкин бұрынғы қарсыласын бірге жаттығуға шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропаның орташа салмақтағы бұрынғы чемпионы, поляк Гжегож Прокса (29-4, 21 КО) қазақстандық Геннадий Головкинмен бірге жаттығу ұсынысын алды. Головкин WBA (Super), IBO және WBC Interim нұсқалары бойынша осы салмақтағы әлем чемпионы, америкалық боксшы кіші Вилли Монромен жекпе-жекке дайындалып жүрген болатын.

Tofight.ru хабарлағандай, 30 жастағы Прокса таяу күндері Головкиннің жаттығу лагері орналасқан Калифорнияға аттанады. Поляк спортшысы да Головкиннің келесі қарсыласы кіші Монро сияқты солақай боксшы.
Естеріңізге сала кетейік, Гжегож Прокса Геннадий Головкинмен кәсіби шаршы алаңда кездескен. 2012 жылдың қыркүйек айында НВО телеарнасындағы дебютінің аясында Головкин Проксаны бесінші раундта нокаутқа жығып, жеңіске жеткен.
Ал Головкин мен кіші Монро арасындағы жекпе-жек 16 мамыр күні Лос-Анджелесте өтеді. Ол НВО телеарнасынан тікелей эфир арқылы көрсетіледі. Қазақстандық спортшы үшін бұл 2015 жылдағы екінші жекпе-жегі болмақ. Ақпан айында Головкин британдық Мартин Мюррейдің тізесін бүктірген болатын.