Геннадий Головкиннің есімі Халықаралық бокс Даңқ залына енді
АСТАНА. KAZINFORM — Аты аңызға айналған боксшы Геннадий Головкин әлемдік бокс Даңқ залына енген Қазақстанның алғашқы спортшысы атанды.
Бұл ақпарат Халықаралық бокс Даңқ залының (IBHOF) ресми мәлімдемесінде жарияланды.

Салтанатты рәсім 2026 жылғы 11-14 маусым аралығында АҚШ-тың Нью-Йорк штатына қарасты Канастота қаласында өтеді.
2025 жылғы дауыс беру нәтижесінде Головкинмен бірге Вернон Форрест пен Стив Коллинс те үздік тізімге ілікті. Сонымен қатар, бұған дейін алғашқы кезеңде өтпей қалған боксшылар да қарастырылған. Дауыс беруге АҚШ, Жапония, Англия, Канада, Аргентина, Австралия, Нидерланд, Германия және Мексикадан спорт журналистері мен бокс тарихшылары қатысты.
Головкин Даңқ залына алғашқы кезеңде-ақ өтті. Сонымен бірге, биылғы тізімге бұрынғы әлем чемпиондары Антонио Тарвер (2024 жылдан бері үміткер) және Найджел Бенн (2017 жылдан бері үміткер) енгізіледі.
Айта кетейік, әр жылдары бұл Даңқ залына Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер, Мэнни Пакьяо сынды аңыздар, сондай-ақ Костя Цзю (2011), Виталий Кличко (2018) және Владимир Кличко (2021) енген.
Еске салсақ, бұған дейін Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті болып сайланған еді.