Геннадий Головкин титулды қорғау бойынша Бернард Хопкинстің рекордына жақындап қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин 160 фунтта титулды қорғау бойынша Бернард Хопкинстің рекордына жақындап қалды.
Доминик Уэйдпен болған жекпе-жекте GGG қатарынан 16-шы рет чемпиондық белдікті қорғап қалды. Осылайша, Геннадий өз заманында орта салмақта 20 айқаста белбеуін қорғап шыққан Бернард Хопкинстің рекордына жақындап қалды.
Головкиннің бапкері Абель Санчес Уэйдпен болатын кездесудің алдында Головкин үшін Хопкинстің рекордын жаңарту өте маңызды деген болатын.
«Хопкинстің рекордын басып озу Геннадийдің қызметтік тізімі үшін тамаша болар еді. Уэйд - біздің келесі қадамымыз. Біз сақадай-сай дайындықты жоспарлаудамыз», - деді Абель Санчес.
Айта кетейік, бүгін Лос-Анджелесте орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (35-0, 32 КО) америкалық боксшы Доминик Уэйдті 2-ші раундта нокаутпен жеңген болатын.
Бұл жекпе-жекке Геннадий Головкин барлық белбеулерін - WBC (Interim), WBA, IBF, IBO тіккен.
Осылайша, жерлесіміз кәсіпқой бокста өткізген 35 жекпе-жектің барлығын жеңіспен аяқтап отыр, оның 32-сі - нокаут.