Геннадий Головкин жақын арада суперчемпион Феликс Штурммен жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр

АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - WBA нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин жақын арада суперчемпион Феликс Штурммен жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр.

Геннадий Головкин жақын арада суперчемпион Феликс Штурммен жекпе-жек өткізуді жоспарлап отыр

Бұл жайында ол бүгін Астанада мәлім етті.

«Бүгінде мен кәсіби бокстан екі нұсқа бойынша жеңімпаз атандым. Енді алдағы жоспарға тоқталатын болсақ, 2012 жылы әлем чемпионы атағын қорғап қалуға негізделген жекпе-жектерге қатысамын. Қазіргі кезде үлкен доданы өткізу туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр»,-деді спортшы.

Оның сөзіне қарағанда, бұл жекпе-жек АҚШ аумағында, яғни Лас-Вегас қаласында өтетін болады. «Бұнда мен екі нұсқадағы белдеулерімді қорғаймын. Атап айтқанда, бұл тартыста американдық чемпион менің белдеулерімді жеңіп алуға тырасатын болады»,-деп мәлімдеді былғары қолғап шебері.

Сонымен қатар, Г. Головкин бүгінде суперчемпион Феликс Штурммен жекпе-жек өткізу бойынша келіссөздер жүріп жатқандығын жеткізді.

«Қазір осы екі чемпионмен келіссөздер жүріп жатыр. Қайсысы бірінші жауап берсе, сонымен кездесемін»,-деді Г. Головкин.

Әлем чемпионы Геннадий Головкин бұған дейін 22 кездесу өткізіп, оның бәрінде де (19-ы нокаутпен) жеңіске жеткен болатын.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Геннадий Головкинге «Парасат» орденін тапсырды.