Геннадий Головкинді 18 рет допинг бойынша тексерген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Геннадий Головкин мен Сауль Альварес 15 қыркүйектегі рематчтың алдында көп рет кездейсоқ допингке тексерілді, деп хабарлайды SPORTINFORM САА ESPN телеарнасының сарапшысы Дэн Рафаэльге сілтеме жасап.
«Орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин ақпан айынан бастап өткен жұмаға дейін 12 рет несеп және алты рет кездейсоқ қан талдауын жасаған. Оны 15 қыркүйекте Лас-Вегаста өтетін Канело Альвареспен рематчтың қарсаңында Ерікті антидопинг қауымдастығы өткізген. Головкин барлық тестіден өтті.
Ақпанда екі тестіден өтпей қалып, алты айға спорттан шеттетілген Альварес те VADA-ның кездейсоқ сынақтарына тап болған. Бірақ, оның сынамалар саны әзірге жарияланған жоқ», - деп атап өтті сарапшы.