Геннадий Головкиннің жекпе-жегі «Қазақстан» телеарнасының тікелей эфирінде көрсетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Геннадий Головкиннің американдық кіші Вилли Монромен мамыр айының ортасында өтетін жекпе-жегін «Қазақстан» телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді. Бұл туралы «Қазақстан» РТРК баспасөз қызметінен хабарлады.

Геннадий Головкиннің жекпе-жегі «Қазақстан» телеарнасының тікелей эфирінде көрсетіледі

17 мамыр күні таңертең «Қазақстан» телеарнасы 2015 жылғы басты күрестердің бірі - орта салмақтағы WBA және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Г.Головкин мен орта салмақта «Boxcino-2014» турнирінің жеңімпазы 28 жасар кіші В.Монромен күресін Лос-Анджелес қаласынан тікелей эфирде көрсетеді.

«17 мың адам сиятын Лос-Анджелестің (АҚШ) жаңартылған «The Forum» аренасынан үлкен бокс кеші 17 мамыр күні сағат 7.00-де «Қазақстан» телеарнасынан көрсетіледі. Головкин мен кіші Монроның күресі шамамен таңғы 9.00-де көрсетіледі. Трансляциялар 17 мамыр күні күндізгі уақытта және 18 мамыр күні кешкі уақытта «Кazsport» телеарнасынан қайталанады», делінген хабарламада.

Г.Головкин Қарағанды қаласының тумасы, қазақстандық боксшы, 2003 жылы әуесқой боксшылар арасында әлем чемпионы және 2004 жылы Олимпиада ойындарының вице-чемпионы. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның 7 дүркін чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы.

2013 жылы 24 сәуірде Қазақстанда халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында Г.Головкин өзінің шығу тегі туралы былай деген болатын: «Ұлтым туралы сұраған кезде, мен былай деп жауап беремін: Әкем - орыс, шешем - кәріс, ал мен - қазақпын! Менің барлық жеңісім еліме арналады, менің халқыма, Президентіме арналады!».