Геномдық селекция асыл тұқымды мал басын арттыруға көмектеспек
АСТАНА. 18 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанда сүтті малдың генетикалық әлеуетін өсіруді көздейтін бірлескен жоба қолға алынды.
Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында «ҚазАгроИнновация» АҚ-ның басқарушы директоры Исмаил Тоқберген мәлімдеді.
Оның айтуынша, «ҚазАгроИнновация» АҚ және Францияның Ауыл шаруашылығы зертеулері жөніндегі ұлттық институтының бастамасымен қолға алынған жоба аясында сүтті көп беретін төлдерді іріктеп, асыл тұқымды ірі қараның санын көбейту көзделіп отыр. «Ол жобада геномдық селекция әдісі қолданылады. Оған сәйкес, ең алдымен, малдың ДНК-сы зерттеліп, оның негізінде асыл тұқымды ірі қара іріктеледі. Бұл әдістің ерекшелігі сол, мадың сүттілігін ерте кезде анықтауға болады. Оны үш жылдай бағып, қанша сүт беретіндігін байқап отырудың қажет жоқ. Ірі қараның ДНК-сы арқылы асыл тұқымдылар іріктеледі. Соның арқасында сүтті малдың санын арттыруға мүмкіндік бар», - дейді И.Тоқберген.
Айта кетейік, бүгінде осы саладағы жұмысты «ҚазАгроИнновация» АҚ-ға қарасты Мал шаруашылығы мен ветеринария ғылыми-инновациялық орталығының мамандары бастап, жергілікті жерге бейімделген 8-10 мың малдың деректер базасы әзірленіп жатыр. Ол үшін Францияның Ауыл шаруашылығын зертеу жөніндегі ұлттық институтында 1 мың ДНК сараланатын болады.