Геномдық технологияларды жедел дамыту үшін ғылыми-техникалық бағдарлама қажет – Күнсұлу Закария

АСТАНА. ҚазАқпарат – Геномдық технологияларды жедел дамыту үшін ғылыми-техникалық бағдарлама әзірлеу қажет. Бұл туралы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закария айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Геномдық технологияларды жедел дамыту үшін ғылыми-техникалық бағдарлама қажет – Күнсұлу Закария
Фото: t.me/aqorda_resmi

«Елімізде өздерінің геномдық технологияларды пайдаланатын бар-жоғы бірнеше зерттеу институты мен жоғары оқу орындары бар. алайда, олардың арасында да интеграция мен кооперация байланысы орнатылмаған. Бұл жағдай қолда бар кадрлық және материалдық ресурстарды тиімді пайдалануға кедергі болып отыр. Өкінішке қарай елдің биологиялық қауіпсіздігін нығайтуда геномдық технологиялардың дамуы мен үлесі төмен. Ол өз кезегінде ұлттық және биологиялық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Геномдық технологияларды жедел дамыту және елдің биологиялық қауіпсіздігін нығайтуды қамтамасыз ету мақсатында бізге ұзақмерзімді ғылыми-техникалық бағдарлама әзірлеу қажет. Аталған бағдарлама Қазақстандағы барлық геномдық зертханаларды бірегей ғылыми технологиялық кластерге біріктіруге мүмкіндік береді және озық ғылыми шешімдерді әзірлеуді қамтамасыз етеді. Бұл кластерді құру ортамерзімді болашақта деректердің үлкен көлемін сақтау және талдау технологиясын қамтамасыз ету үшін биоақпараттық бағытта бигдата орталығын қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді ғалым.

Оның атап өтінше, осы технологияларды енгізуді заңнамалық қамтамасыз ету және кадрларды дайындау мәселелері де маңызды.

«Мысалы, елімізде зерттеу жүргізуде геномдық технологияларды пайдалану мәселесі нормативтік деңгейде реттелмеген. Бағдарламаны нысаналы қаржыландыру бойынша көзделген қаражат аясында ірі ғылыми зерттеулер жүргізу үшін заманауи жабдықтар мен аспаптарды сатып алуға мегагранттарды енгізу қажет. Бұл өте өзекті мәселе. Конкурстық негізде ғылыми инфрақұрылымды дамытудың, гранттық қаржыландырудың ұжымдық пайдалануға және жаңа зертханаларды қалыптастыру, қолда бар зертханаларды жаңғырту үшін барлық шығыстарды ескеретін жаңа нысаны қажет. Ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту бүгінгі күннің басты мәселесі. Ғимараттар мен зертханаларды замануи талаптарға сай жөндеу және салуды тездетіп қолға алу қажет», - деді Күнсұлу Закария.