Астанада Қаратай Тұрысовтың 90 жылдығына арналған конференция өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш туризм, дене шынықтыру және спорт министрі Қаратай Тұрысовты еске алу шарасы өтті. Көзі тірі болғанда қайраткер 90 жасқа толар еді.
Биыл Қаратай Тұрысұлының мерейтойы Парламентте, Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетте және Жамбыл облысында салтанатты түрде аталып өтті.

− Қаратай Тұрысұлы еңбек жолын қарапайым геологтан бастап, Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы, Қазақ КСР өнеркәсіп және кен бақылау жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасы, республиканың кәсіподақтар комитетінің және КСРО кәсіподақтары Орталық Комитетінің хатшысы, ҚР премьер-министрінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Ол – тәуелсіз Қазақ елінің тұңғыш Туризм, дене шынықтыру және спорт министрі болған тарихи тұлға. Бұдан кейін ҚР Орталық сайлау комиссиясының және Парламент Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болды, − деді Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жараспаев Qazaqstan Жеңіл атлетика спорт кешенінің конференция залында.

Қаратай Тұрысов ел тарихында терең із қалдырды, ұлттық экономиканың қалыптасуына, мемлекеттік институттардың дамуына және Қазақстан мемлекетінің нығаюына елеулі үлес қосты. Әсіресе Қаратай Тұрысовтың қайраткерлік болмысы егемендік жылдары жарқырай көрінді.
Ол 1987 жылы БҰҰ отырысында баяндама жасаған алғашқы қазақстандық саясаткер болды. Ал 1992 жылы туризм және спорт министрлігін басқарып, Барселонадағы Олимпиада ойындарында Тәуелсіз Қазақстан делегациясын бастап барды.

Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанұлы Қаратай Тұрысовтың өмірден озғанына 20 жыл болса да, елі бір жыл да ұмытып, елеусіз қалдырмағанын атап өтті.
− Қаныш Сәтпаевтан кейін Жезқазған қаласын етікпен 3 мың шақырым кезіп өткен екінші геолог болу бақытына ие болдым дейтін. Шын мәнінде солай. Қарекеңнің еңбегін бүкіл Арқа жұрты, Торғай даласының халқы ерекше қадірлейтініне талай куә болдық. Геологиядағы өте сапалы әрі нәтижелі жұмысы жоғары бағаланып, ол 29 жасында өте жауапты қызметке – қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Одан Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы, республикалық өнеркәсіпті бақылау комитетінің төрағасы, Қазақстан кәсіподақтар төрағасы болды. Дінмұхаммед Қонаев Қарекеңнің білімі мен біліктілігін жоғары бағалайтын. Қарекеңнің есімі мемориалды тақталарға жазылып, әр қалада көшелерге, ЖОО кафедра-факультеттеріне беріліп, өмір жолы мақала-зерттеулерге арқау болып жүр. Мемлекеттік еңбегіне Парламент жиналысы да арнайы бағытталды. Туған өңірі – Жамбыл облысында көптеген шаралар ұлт перзентін еске алуға арналды. Бүгінгі басқосуымыз да – сондай игілікті шаралардың көрінісі», - деді Қ. Сұлтанұлы.





