"Геом" ЖШС жақында «Алла» атымен шығарған араққа қатысты кешірім сұрады

ҚМДБ мәліметіне қарағанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің атына "Геом" ЖШС-ның бас директоры А.А. Гоогенің қолы қойылған ресми хат келіп түсті. Онда жуырда ғана білместікпен арақтың қағазында "Алла" деп жазылып, шайтан судың сатылымға шығып кеткені туралы айтылған. Зауыт басшысы Қазақстан мұсылмандары алдында кешірім сұрады.
Айта кетейік, аталған мәселе бойынша ҚМДБ мәлімдеме жасаған болатын.
«Ақтөбе қаласындағы арақты шығарушы «Геом» серіктестігінің басшыларының мұндай сорақы қателікке қалайша жол бергендігі бізге беймәлім. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облыстық өкілдігіне зауыт басшылары «Алла» атын әдейі жазбағандықтарын, арабша сөздің мағынасына мән бермегендіктерін айтып ақталуда. Олар бұл қателіктері үшін ел алдында кешірім сұрайтынын мәлімдеді. Мұндай ауыр қателікке қандай себеппен жол берілсе де біз оны ауыр айыптаймыз. Алдағы уақытта осындай оспадарлыққа жол берілмеуі тиіс. Сондықтан аталған мекеме басшыларынан жіберген қателіктері үшін Қазақстан мұсылмандары алдында кешірім сұрап, Алланың аты жазылған арақтың сатылымнан түгелдей алып тастауын талап етеміз», - делінген болатын мәлімдемеде.