17:26, 20 Ақпан 2013 | GMT +5
Гербицидтермен қамтамасыз ету бойынша қаржылай көмек 19 есе артады - А.Мамытбеков
АСТАНА. 20 ақпан. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы фермерлерді гербицидтермен (арам шөпке қарсы химиялық қоспалар) қамтамасыз ету бойынша субсидиялау көлемі 19 есеге артады.

Бұл туралы бүгін ҚР Фермерлері одағының кеңейтілген мәжілісінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
Министрдің сөзіне қарағанда, бұған дейін гербицидтерді сатып алу барысында тек кейбір шаруа қожалықтарына ғана мемлекеттік қолдау жасалса, биылдан бастап барлығы қаржылай көмекке ие болады. «Оны біз заңмен бекіттік. Егер өткен жылы фермерлерді гербицидтермен қамтамасыз ету бойынша субсидиялаудың көлемі 1 млрд. теңгеден асса, биыл бұл көрсеткіш 20 млрд.-қа дейін жетіп отыр. Демек, мемлекеттік қаржы ресурстары 19 есеге артты», - деп атап көрсетті А.Мамытбеков.
Айта кеткен жөн, бүгінде Қазақстанда гербицид өндіретін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Сол себепті мемлекет тарапынан фермерлерге қаржылай көмек беріліп отыр.