Герман Греф пен Джек Ма Астана қаржы орталығы кеңесінің мүшелігіне еніп отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры Саясат Нұрбек орталықтың халықаралық басқарушы кеңесінің мүшелерін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының жоғары басқару органы халықаралық басқарушы кеңесі болып табылады. Оның төрағасы - Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Онда Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі, Қаржы министрі, Ұлттық банк төрағасы мүшелік етеді. Барлық қаржылық-экономикалық блок осында жинақталған. Сонымен қатар халықаралық ұйым басшылары да бар - Еуропалық қайта құру және даму банкінің директоры, Халықаралық валюта қорының директорлар кеңесінің төрағасы, JP Morgan директорлар кеңесінің төрағасы, Ресей Сбербанкінің төрағасы Герман Греф, «Alibaba Group» компаниясының директорлар кеңесінің басшысы Джек Ма.
Орталықты басқару кезінде туындаған ағымдағы сұрақтар пайда болған кезде, шетелдік ірі компаниялар, ірі банктер мен халықаралық қаржы ұйымдары өздерінің пікірлерін ашық айта алады. Әрине, аталмыш сұрақтарды саралай келе, түпкі шешімді Мемлекет басшысы шығарады», - деді Саясат Нұрбек.
Еске сала кетейік, Ұлт жоспарында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада инвестициялық мәселелерді шешетін халықаралық арбитраж орталығын құруды тапсырған болатын. Тек ағылшын тілінде іс жүргізетін қаржылық сотта англосаксондық құқық жүйесі қолданылады. Бұның алдында, С. Нұрбек Астанадағы халықаралық сотта тек британдық судьялар жұмыс істейтіндігін хабарлаған болатын.